Семейде үшінші жылу электр орталығының құрылысы басталды
Бүгін «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Сапар барысында ол облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Семей қаласының сол жағалауындағы Степной кентінде орналасқан үшінші жылу электр орталығының (ЖЭО-3) құрылыс алаңын тексерді.
Жаңа ЖЭО құрылысы жобасы аясында 2025 жылы қазан айында ҚР Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Семей Энерго» ЖШС арасында келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, биыл қаңтарда жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау және құрылыс жұмыстарын орындау бойынша EPC-келісімшарт жасалды.

«Бұл жобаның өңір үшін маңызы зор. Жаңа жылу электр орталығы Семейдегі энергия тапшылығын азайтып, тұрғындарды тұрақты жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді», — деді облыс әкімі.
Құрылыс жұмыстары биыл сәуірде басталды. Нысанды 2029 жылы желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.
Жобамен танысқаннан кейін Нұрлан Жақыпов алаңда «Самұрық-Энерго», «Семей Энерго» ЖШС басшылығымен және мердігерлермен кездесіп, нысанның стратегиялық маңызын атап өтті.

«Жаңа жылу электр орталығы өңірдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді. Жобада «таза көмір» технологиялары мен заманауи газ тазарту жүйелері қолданылмақ, бұл қаладағы көмірмен жұмыс істейтін энергия көздерімен салыстырғанда шығарындыларды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған және ол белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Жұмыстарды жеделдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет», — деді «Самұрық-Қазына» басшысы.