Биыл жазда Семейде алғаш рет 40 мыңнан астам тұрғынға ыстық су беріле бастайды
Биыл жазда Семейде алғаш рет 40 мыңнан астам тұрғынға ыстық су беріле бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Семей қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Облыс әкімі Берік Уәли былтыр Семей қаласы тұрғындарын жаз кезінде ыстық сумен тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешу жолдары қарастырылатынын айтқан болатын.

«Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында жылыту маусымына дайындық аясында республикалық бюджет пен Үкімет резервінен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде облыс орталығына – 6 млрд теңге, Аягөз қаласына – 1 млрд теңге бағытталды. Семей қаласын жылумен үздіксіз қамту мақсатында 12 жылу көзіне ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді, оның ішінде қазандықтарды ауыстыру, жөндеу және тозған жабдықтарды жаңарту жүзеге асырылды. 13,6 шақырым тозған жылу желілері толық ауыстырылып, қайта жаңартылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде биыл алғаш рет Семей қаласын жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз етуді қолға алып отырмыз. Мұндай жұмыс облыс орталығында бұрын-соңды қолға алынған жоқ. Жылу желілерін жаңғырту және ыстық сумен қамту деңгейін арттыру бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді Берік Уәли.
Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев пен Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейітқанов түсіндіріп, айтып берді.
Бүгінде Семей қаласында 1588 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 1317-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта 697 тұрғын үйде ыстық сумен жабдықтау жүйесі жұмыс істейді. Жазғы кезеңде 600-ден астам көпқабатты тұрғын үй, яғни, 40 мыңнан астам абонент ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ