Пара алған басшысы да, делдал болған дәрігер де жазаланды

0 467

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті  басшысының міндетін атқарушы З.М-ге қатысты тергеу амалдары аяқталды. Аты шулы оқиғаға бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы, делдал болған Тараз қалалық №5 емхананың дәрігері және пара берген мүгедек азамат сыбайлас жемқорлық бабы бойынша айыппұл арқалап отыр.

Оқиғаны тарқатып айтсақ, облыс тұрғыны мүгедектік мерзімін ұзарту үшін департамент басшысының міндетін атқарушы З.М-ге 100 000 теңге көлемінде пара берген. Ал ауызбастырықты №5 қалалық емхананың дәрігері А.Р апарып берген.

Тергеу амалдарынан кейін  департамент басшысының міндетін атқарушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылып,  оған параның жиырма бес еселенген мөлшерінде 2 500 000 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ал  пара беруде  делдал болған №5 Тараз қалалық емханасының бас дәрігерінің емханалық бөлім жұмысы жөніндегі орынбасары болса,  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 368-бабының 1-бөлігімен белгіленген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айырылып,  1 000 000 теңге көлемінде айыппұл арқалады.

Жазадан пара берген мүмкіндігі шектеулі жан да құтылған жоқ. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша ол да  мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан біржолата айырылып,  1 000 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

shanyraq.info

Leave A Reply

Your email address will not be published.