Tradwife тренді: дәстүрге оралу ма, қозғалыс па?
сурет: istockphoto.com
Tradwife тренді: дәстүрге оралу ма, қозғалыс па?: 10 сәуір 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Десе де, қазіргі түсінік әртүрлі. Кей қыз-келіншектер бесік тербетіп, отбасы, ошақ қасында болуды қаласа, кейбірі қызмет істеп, мансап иесі болып, қос жауапкершілікті қатар алып жүруді қалайды. 2024 жылы ағылшын тіліндегі ең беделді сөздіктердің бірі – Cambridge Dictionary онлайн-нұсқасына 6 мың жаңа сөз қосты. Олардың арасында TikTok желісінен таралған жасөспірімдер сленгі де бар. Соның ішінде tradwife («дәстүрлі әйел») ұғымы ерекше назар аудартты. Tradwife сөзі отбасында өз еркімен дәстүрлі гендерлік рөлдерді атқаратын әйелді сипаттайды. Мысалы, үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелейді. Кейінгі уақытта мұндай әйелдер жайлы видеоблогтар TikTok пен басқа да платформаларда кең танымал бола бастады. Бұл қандай тренд? Дәстүрге оралу ма, әлде идеология ма? Осы тақырыпты қаузап көрмекпіз.
Girlboss пен Tradwife
2010 жылдардың басында girlboss ұғымы кеңінен таралды. Бұл сөз алғашында жай ғана әлеуметтік желілердегі хэштег ретінде таралғанымен, уақыт өте келе тұтас бір идеологияға, тіпті қозғалысқа айналды. Оның негізінде әйелдердің өз тағдырын өзі басқаруға, мансапта табысқа жетуге, әрі сонымен қатар нәзіктігін жоғалтпауға деген ұмтылысы жатты. 2014 жылы София Аморузоның Girlboss кітабынан кейін бұл ұғым тек бизнес саласында ғана емес, күнделікті өмір философиясына айналды. Аморузоның қарапайым eBay сатушысынан табысты компания басшысына дейінгі жолы – мыңдаған жас қыз-келіншекке шабыт берді. Girlboss идеясының түпкі мәні – әйел адамның өз мүмкіндіктеріне сенуі, тәуелсіз болуы және қоғамдағы қалыптасқан шектеулерді бұза білуі. Бұл қозғалыс әйелдердің тек отбасы аясында ғана емес, іскерлік әлемде де өз орнын таба алатынын айқын көрсетті. Олар стартаптар ашты, ірі компанияларды басқарды, креативті индустрияда жаңа бағыттар қалыптастырды. Дегенмен уақыт өте келе girlboss қозғалысы сынға ұшырай бастады. Кейбір сыншылар оның тек белгілі бір әлеуметтік топтағы, яғни көбіне қалалық, білімді, мүмкіндігі бар әйелдердің ғана тәжірибесін көрсететінін айтты. Сондай-ақ «барлығына қол жеткізуге болады» деген ұран кей жағдайда шынайы өмірдің күрделілігін елемейтіндей көрінді. Кейбір сыншылар бұл ұғымды капитализм мен патриархаттың кемшіліктерін жоюдың орнына, әйелдердің сондай жүйеде «әмірші» болуға тырысуы деп санайды. Қазір бұл термин көбіне әлеуметтік желілерде ирониялық мәнде қолданылғанымен, girlboss феномені өз дәуірінің маңызды мәдени белгісі ретінде тарихта қалды. Ол әйелдердің өзін-өзі тануына, өз даусын табуына және батыл қадам жасауына серпін берді.
Дәл осы құбылысқа қарсы мән ретінде 2020 жылдың басында Tradwife термині де танымал болып үлгерді. Ол ағылшын тіліндегі traditional wife сөзінен шыққан, яғни «дәстүрлі әйел» деген мағынаны білдіреді. Tradwife бағытын ұстанушылар көбінесе Америкадағы 1950 жылдардағы үй шаруасындағы әйелдерді мысалға алады. Олардың түсінігінде мұндай әйелдер күні бойы сәнді көйлек киіп, үйде жеңіл әрі әдемі қозғалып, тұрмысты да, бала тәрбиесін де оңай атқарады, ал кешке күйеуін кешкі ас әзірлеп күтіп алады. Мұндай образды сол кездегі шыққан «Степфорд әйелдері», «Уайымдама, жаным», «Плезантвиль» фильмдерінен байқауға болады.
Дәстүрлі әйелдер: олар кімдер?
Мұнда ер адам – асыраушы, ал әйел – жар және ана. Олар өмірін толықтай отбасына арнап, мансап пен жұмысты елемейді. Tradwife ұғымы британдық Алёна Кейт Петтиттің «This Morning» таңғы шоуына берген сұхбатында өзін «дәстүрлі әйелмін» деп атағаннан кейін кеңінен танымал бола бастады. Оның бұл өмір салтын насихаттайтын жеке сайты да бар. Бірақ ол мұндай өмір салтын ұстанып, әлеуметтік желіде бенлсенді болған жалғыз жан емес еді. Бұл бағытта танымал аккаунт көп. Мысалы, бұрынғы балерина Ханна Райттың Instagram-дағы блогына 10 миллион адам жазылған, ал TikTok-та 9,8 миллионға жуық. Сондай-ақ модель Нара Смиттің де екі платформада миллиондаған оқырманы бар.
«Тренд неге танымал болды?» деген сұраққа сарапшылар бірнеше ой айтады. Сарапшылардың пікірінше, бұл тренд cottagecore эстетикасының ықпалымен таралған.
Біріншіден, бұл әдемі көрініс адамның назарын ерекше тартады. Көпшілікке әдемі киінген әйелдің ас үйде жүріп, балалар мен үй жануарларының ортасында тіршілік еткенін көру ұнайды. Мұндай видеолар көңіл-күйді тыныштандырып, демалды-рады.
Екіншіден, пандемия әсері. Бұл трендтің өрлеуі коронавирус кезеңімен тұспа-тұс келді. Адамдар ұзақ уақыт үйде отырып, табиғатқа, жерге, қарапайым өмірге – бау-бақша, үй жануарлары сияқты дүниелерге жақындауды қалады. Бұл – ауыл өмірін, қарапайымдық пен еркіндікті романтизациялайтын бағыт. Адамдар үздіксіз жетістікке ұмтылудан шаршап, жеке уақытын бағалай бастады, шекараларын айқындап, «тәулік бойы жұмыс істеу ғана табысқа жеткізеді» деген түсінікке қарсы шыға бастады.
Үшіншіден, гендерлік әлеуметтік рөлдер. Бұл тренд ерлерге де, әйелдерге де ұнады, бірақ әртүрлі себеппен. Ерлерге – үй шаруасымен айналысатын, күйеуіне бағынышты әйел образы ұнады. Ал әйелдер үшін бұл белгілі бір міндеттерден «құтылудың» жолы сияқты көрінді. «Мұндай рөлге қандай әйел сай келеді?» деген сауалға психологтар: отбасына шынайы қамқорлық пен махаббат көрсетуге дайын, патриархалдық құндылықтарда тәрбиеленген, осындай өмір салты қалыпты саналатын ортада өмір сүретін әйелдер бейім дейді. Мамандардың айтуынша, tradwife әйелдерге тән басты қасиет – ер адаммен бәсекелескісі келмеуі және мансапқа қатысты үлкен амбицияның болмауы дейді.
Жеке таңдау ма әлде трендке ілесу ме?
Иә, қазіргі феминизм әйелге таңдау еркіндігін береді. Қаласа үй шаруасындағы әйел бола алады, қаласа мансап қуа алады, бала тәрбиелей алады, өзіне күтім жасай алады. Бірақ іс жүзінде әйелден бір уақытта жұмыс істеу, үй қарау, бала тәрбиелеу талап етіледі. Ал тәулікте бар болғаны 24 сағат. Сондықтан кейбір әйелдер «дәстүрлі әйел» рөлін таңдаса, кем дегенде бірқатар міндеттер азаяды деп ойлайды. King’s College London зерттеушісі, әлеуметтанушы Хиджун Чонг бұл құбылысты: «Бұл дәстүрге оралу емес, қазіргі өмірдің ауыр талаптарынан шаршаған әйелдердің сигналы» деп түсіндіреді. Оның пікірінше, қазіргі қоғам әйелден бір уақытта екі рөлді талап етеді: табысты мансап иесі болу және мінсіз ана болу. Осы «мүмкін емес стандарттар» кейбір әйелдерді қарапайым әрі түсінікті рөлдерге қайта қарауға итермелейді.
Трендтің танылуына негізгі себеп – әлеуметтік желілер. Кейбір сарапшылар бұл тек үй шаруасындағы әйелдің образы емес, ол әлеуметтік желіде әдейі жасалған мәдени код екенін айтады. Бұл қозғалыста әйел өзін отбасының ұйытқысы ретінде көрсетіп, күйеуін негізгі асыраушы ретінде қабылдайды. Контенттің өзегі – тыныштық, үйлесім, «қарапайым бақыт». Әдемі, бай, уайымсыз өмірді көрген әйелдер соны қайталағысы келеді. Бірақ олар маңызды нәрселерді ескере бермейді. Видеодағы дәстүрлі әйелдер бай-бақуатты ерлерге тұрмысқа шыққандықтан, олардың өмірі қамтамасыз етілген. Ал өмірде барлығы видеодағыдай бола бермейді. Tradwife әйелдер ер адамдарға тәуелді емес, керісінше TikTok-тағы қаралымдар арқылы қомақты табыс табады. Көп жағдайда олардың артында операторлар мен монтажерлерден құралған тұтас команда жұмыс істейді. Алайда бұл бейне тек тұрмыстық өмірді ғана емес, белгілі бір идеологияны да жеткізеді. Зерттеулерге сүйенсек, бұл тренд заманауи феминистік көзқарастарға қарсы альтернативті өмір салты ретінде ұсынылады. Мысалы, 1970 жылдары Аустралияда Women Who Want to Be Women ұйымы феминизмге қарсы шығып, әйелдердің толықтай үй шаруасындағы рөлін қолдаған. Алайда бұл ұғымның қарама-қарсы жағы да бар. Кей зерттеулерде «дәстүрлі әйел» термині бұрын оңшыл радикалды топтарда қолданылғаны айтылады. Олар әйелдерді ерлерге бағынуға және көп бала тууға шақырған.
Сондай-ақ трендті медиа-жобалар қалыптастырып отыр. Көпшілік танымал tradwife әйелдерді отбасы үшін тынымсыз еңбек ететін жандар деп ойлайды. Бірақ инфлюенсер болу – бұл да жұмыс. Оның артында тұтас команда тұрады. Сапалы видео түсіру – өте көп уақыт пен ресурсты қажет етеді: жарық, дыбыс, бірнеше камера, монтаж. Мысалы, Нара Смиттің әр видеосындағы мінсіз шаш үлгісі мен макияж – бұл да ұзақ дайындықтың нәтижесі. Яғни, бұл әйелдер бастапқыда-ақ бай немесе ресурсы бар адамдар, әрі осы контент арқылы одан сайын байи түседі.
Иә, Tradwife блогерлер бұл рөлді ойнау арқылы табыс табады. Егер кейбір инфобизнес өкілдері бай өмірді көрсету үшін жалған атрибуттарды қолданса, дәстүрлі әйелдер жағдайында нақты не болып жатқаны да әрдайым түсінікті емес. Әйел үй шаруасындағы рөлді таңдауы мүмкін, бірақ оның өмірі интернеттегі видеолардағыдай болмайды. Себебі әсем көйлекпен тамақ дайындау – тек контент үшін. Кәдімгі үй шаруасындағы әйел экзотикалық шырын жасап отырмайды, ол көбіне отбасын шектеулі бюджетпен қалай асырауды ойлайды. Дәстүрлі әйелдер камера алдында тағамды «нөлден бастап» дайындайды. Мысалы, қамыр жасау үшін олар бидайды өздері ұнтақтап, ұн алады. Сары май қосу үшін сиыр сауып, сүттен қаймақ жинап, оны шайқап май жасайды. Жұмыртқаны тауық қорасынан алады. Ал шынайы өмірде бәрін «нөлден» жасау тиімсіз.
Статистика не дейді?
Әлеуметтік желіде бұл тренд өте танымал көрінгенімен, статистика басқаша сөйлейді. Мысалы, Германияда жүргізілген зерттеуде жас әйелдердің тек шамамен 20 пайызы ғана дәстүрлі рөлдерге жақын көзқарасты қолдайды, ал көпшілігі теңдікке ұмтылады. 18-34 жас аралығындағы 1 000 әйелге жүргізілген зерттеу «дәстүрге толық оралу» үрдісі жоқ екенін көрсеткен. Керісінше, әйелдердің көбі жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізе алмай, қысым сезінетінін айтады. Яғни, әлеуметтік желідегі «идеалды өмір» – көп жағдайда шынайы әлеуметтік тренд емес, визуалды иллюзия. Елдер арасындағы айырмашылықтар да көп нәрседен хабар береді. Себебі бұл феномен әр елде әртүрлі қабылданады. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбританияда – бұл тренд көбіне консервативті құндылықтармен және діни көзқарастармен астасады. Онда «үйдегі әйел» образы идеологияға айналады. Нидерланд сияқты Еуропа елдерінде – қоғам бұл құбылысқа сын көзбен қарап, медиа кеңістікте қызу пікірталас тудырады. Қытайда да ұқсас құбылыстар бар болғанымен, олар дәстүрден гөрі әлеуметтік қысым мен гендерлік нормалардың көрінісі ретінде қарастырылады.
«Үй шаруасымен кім айналысқан дұрыс?» тақырыбындағы зерттеулер де көп нәрседен хабар береді. Көпшілік әйелдер тазалыққа бейім болғандықтан үй шаруасын көп істейді деп ойлайды. Айталық, қазақта «Қыздың жиған жүгіндей» деген сөз бар. Бірақ зерттеулер бұлай емес екенін көрсетеді. Бір тәжірибеде ерлер мен әйелдерге әртүрлі бөлмелердің суреттері көрсетіліп, олардың қаншалықты лас екенін бағалау ұсынылған. Нәтижесінде, айырмашылық болмаған – ер адамдар да тәртіпсіздікті жақсы байқайды. Ал «кім тазалық жасауы керек?» деген сұрақта қызық нәтиже шыққан. Егер бөлмеде жалғыз әйел тұрса – көбіне өзі жинайды деп ойлаған, егер ер адам тұрса – қызметкер жалдайды деп болжаған, ал жұп тұрса – міндет көбіне әйелге жүктелген. Бұл пікірді ерлер де, әйелдер де ұстанған. Сонымен қатар шашылып жатқан бөлме үшін әйел адамды ер адамға қарағанда «ұқыпсыз» немесе «жауапсыз» деп бағалаған. Бұл қоғамдағы стереотиптердің әсерін көрсетеді. Күнделікті өмірде де мұны байқауға болады. Мысалы, «Сен қызсың ғой, неге бөлмең лас?» деген сөз жиі айтылады да, ал «сен ұлсың ғой» деген ескерту сирек естіледі.
Осы ретте біз қазақстандық блогер, көп баланың анасы Мөлдір Анарбаеваның аталған трендке қатысты ойын білмек болдық. Кезінде телеарна журналисі болған блогер бұл күнде әлеуметтік желілер арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттап келеді. Оның ойынша, қыз бала отбасылық міндеттерді тек әйел атқаратын іс деп қабылдамау керек. «Мәселен, мен үй шаруасымен айналыссам, бұл менің тек әйелдік міндетім ғана емес, маған ләззат сыйлайтын іс. Мен солай қабылдаймын. Көп әйел мұны міндеті болғаны үшін ғана жасайды. Үйдің таза болғаны, ыдыс-аяқтың таза әрі ұқыпты орналасқаны әйелге ләззат, жайлылық сыйлайды емес пе? Сондықтан үй шаруасы, тамақ істеу, тазалық жасауды күрделендіруге болмайды. Рас, қазіргі буын ұрпақтары басқаша ойлайды. Мысалы, менің бойжеткен қызым да «үй шаруасы тек әйелдің міндеті емес, ер адамға да тән жұмыс» деп қабылдап, үй шаруасына ер адамның да көмектескенін қалайды. Ал менің түсінігім бұған қарама-қайшы», – дейді.
Психологтар не дейді?
Психологтар бұл трендтің тамыры тереңде екенін айтады. Мамандардың айтуынша, мұнда психологиялық контекст үлкен рөл атқарады. Қазіргі әлемде әйелдерге қойылатын талаптар өте жоғары: мансап, жетістікке жету, сырт келбет, қарым-қатынас, жеке даму. Осындай жағдайда уақытын «толықтай үй мен отбасыға арнау» идеясы жеңілдік сияқты көрінуі мүмкін. Көп әйел өмірдің барлық саласына бірдей үлгеру мүмкіндігі жоқ екенін түсініп, «мен барлық жерде суперқаһарман болуға міндетті емеспін» деп «қарапайым бақытты ғұмырды» таңдайды. Бірақ бәрі біржақты емес Адам психикасы күрделі. Егер әйел өзін толықтай басқаларға – отбасына, балаларына, күйеуіне арнап, өз қажеттіліктерін елемесе, бұл ішкі қайшылыққа әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар психологтар тәжірибеде сырттай мінсіз көрінетін әйелдердің де мәселелері бар екенін айтады. Жайлы үй, дәмді кешкі ас, қамқор күйеу, бақытты балалар. Бірақ олардың ішінде мазасыздық, бос сезім және «өзімді жоғалтып бара жатырмын» деген ой болуы мүмкін дейді. Психологиялық тұрғыдан бұл – ішкі қажеттіліктер мен таңдалған рөл арасындағы қайшылық. Кейбір әйелдер үшін бұл өмір салты шынайы қанағат пен мағына береді. Егер ішкі қалауы tradwife образына сәйкес келсе, бұл эмоционалдық тұрғыдан қуат беретін ресурс болуы мүмкін. Мұнда негізгі ұғым – саналы таңдау. Егер әйел: «Мен балалармен уақыт өткізгенді, үйге қарағанды, күйеуімді қолдағанды ұнатамын» деп, сонымен қатар ішкі еркіндігін сақтаса, онда ол күйзеліссіз, үйлесімді өмір сүре алады дейді мамандар.
Tradwife – біржақты жақсы немесе жаман құбылыс емес. Әйелдің бұл рөлді қаншалықты саналы түрде, өз құндылықтарына сай таңдағанына байланысты. Егер бұл – мәжбүрлі таңдау немесе мазасыздықтан қашу болса, онда ішкі қайшылықтарға тап болады. Ал егер бұл – саналы, шекарасы бар таңдау болса, онда бұл рөл үйлесімді әрі қанағат әкелуі мүмкін.
Мамандар қыз-келіншектерге бұл тренд қызықтырса келесідегідей кеңестер береді: өз эмоцияңызды бақылаңыз, өзіңізден «мен шынымен нені қалаймын?» деп сұраңыз, «қоғам не дейді» емес, «маған не керек» дегенге назар аударыңыз, асықпай, кішкентай қадамдармен өз шекараңызды зерттеңіз. Ең бастысы Tradwife – бұл бетперде немесе мінсіз образ емес. Бұл – жеке таңдау мен ішкі үйлесім туралы мәселе дейді психолог-мамандар.
Қарым-қатынас жөніндегі сарапшы Тиффани Макги:
«Бұл концепцияны толық қолдауға да, толық жоққа шығаруға да болмайды. Ең маңыздысы – бұл таңдау шынайы ішкі қалаудан ба, әлде қоғам қысымынан ба – соны түсіну», – дейді. Иә, бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, Мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң қабылданды. Бұл заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы, қысымды болдырмауға ықпал етеді. Жалпы, гендерлік саясат – екі жұптың теңдігін әспеттеу, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Яғни, қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қою арқылы ерлерінен жәбір көретін әйелдерді қолдап, отбасында тепе-теңдік пен үйлесімділік, гармония орнату.
Наурызбек САРША
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/279536-tradwife-trendi-dasturge-oralu-ma-qozgalys-pa