Мүлт кетпес Мұртаза
Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның – Шерағаңның тосыннан түсірілген бұл суреті оқырманын бей-жай қалдырмасы анық. Ел алдында жүрген, халықтың сөзін сөйлеген қоғам қайраткерінің өмірінің әр қырын, әр сәтін әдемі бейнелейтін суреттер көп-ақ. Бұл сурет те соның бірі. Алайда бұл фотоның ерекшелігі сол – сөз мергені Шерағамыз спортшы-мергеннің тұғырында нысана көздеп қасқайып тұр.
Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан «Егемен» мен «Казправда» газеттерінің Алматы бөлімшесінде мүддесі бір екі ұжымның журналистері қашаннан әдеттегідей бірінің бөлмесіне бірі бас сұғып, кіріп-шығып, есіктері жабылмай жатады. Шерағаңның таяу күндері 85 жасқа толатыны қарсаңында «Казправданың» Алматыдағы бөлімшесінің атақты фототілшісі Юрий Беккерге барып, «Ал Юреке, қоржынның түбін қақ! Ерекше сурет болса қалап алайық…» дедік. Кәсіби фотожурналистің көзі шырадай жанды. «Шераға, Шераға… ұмытпасам менде бір тамаша сурет бар!». Компьютердің пернетақтасын тоқылдата баса отырып, тапты-ау ақыры! «Бұл суретті 1999 жылы күзде республикалық «Спорт» газетінің жүлдесі үшін тапаншадан нысана көздеуден өткен қалалық жарыста түсіріп ем» деді жадырап. Қас-қағым сәтті көзінің қиығынан құр жібермейтін фотомерген әңгімені әрі қарай былай жалғады.
– Атақты Шераға ол тұста өзіміздің «Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүрді. Қазақстандағы жалғыз спорттық газеттің жүлдесі үшін өткен жарыста қазылар алқасы төрағасының міндетін атқарды. Мергендерге әділ бағасын берді. Өз басым мемлекет қайраткері, Жоғарғы Кеңестің депутаты, Бас редактор Шерхан Мұртаза кенет қолына тапанша алып нысана көздейді деп ойламаппын. Ілкі сәтте кәнігі спортшылармен қатар тұра қалып, тапаншаның шүріппесін басып-басып салғанда талай-талай әріптестер, спортшылар, министрлік қызметкерлері бастарын шайқап тамсанып, Шерағаны әбдан қолпаштап, қолын қысты. Әлі есімде, көрсеткіші де төмен шықпады. Мына сурет сол бір сәттен көрініс.
– Шерағаның Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған студенттік шағында орта салмақта бокстан факультет намысын қорғағанын білмеуші ме едіңіз?
– Солай ма, ал керек болса, білмейді екенмін… Бірақ тапаншаны қолына алған Шераға спортшыларға тән салмақты мінезбен бір көзін қысып, бойын тік ұстап тұра қалғанда ішім бірдеңе сезгендей күйге түсіп еді…
Шерағаң бильярд үстелінде де мергендігімен танылған, деп және айттық. Фотомергенді кезінде «Егемен Қазақстанның» Бас редакторы қызметін атқарған даңқты Шерхан Мұртазаның 85 жасқа толуына орай редакцияның бильярдтан турнир өткізетіндігі жайлы да құлағдар еттік.
Халық жазушысының спортқа қырын қарамағанына куә болған Юрий Зельманович «Ол жарысқа міндетті түрде қатысамын…» деп кең дәлізді басына көтеріп айқайлап бара жатты. Жарасымды-ақ. Кәдімгі газет тілшісінің қызметіне сай тосыннан ұшырасып қалатын шынайы қуанышы…
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретте: Шерхан МҰРТАЗА (Алматы, 1999 жыл)
Суретті түсірген
Юрий БЕККЕР
egemen.kz