Қырымда Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, 29 адам қаза тапты
Ресейдің аннексияланған Қырым түбегінде Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 29 адамның барлығы қаза тапты. Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, іздеу-құтқару тобы ұшақ құлаған орынды тауып, экипаждың 6 мүшесі мен 23 жолаушының мерт болғанын растады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомствоның алдын ала мәліметі бойынша, апатқа техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Қорғаныс министрлігі ұшаққа сырттан ешқандай зақым келмегенін, яғни ату немесе жарылыс белгілері байқалмағанын алға тартуда. Ұшақ жоспарлы ұшу тапсырмасын орындау кезінде апатқа ұшыраған.
Еске сала кетейік, 31 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Ан-26 ұшағымен байланыс үзілген болатын. Содан бері жүргізілген іздестіру шаралары қайғылы жағдаймен аяқталды. Қазіргі таңда оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп, апаттың нақты себептерін анықтау үшін «қара жәшіктерді» зерттеуге кірісті.
Ан-26 — кеңестік дәуірде жасалған, әскери мақсатта жүк пен жеке құрамды тасымалдауға арналған көп функциялы ұшақ. Бұл оқиға бойынша Ресейдің әскери тергеу органдары қылмыстық іс қозғап, ұшу ережелері мен оған дайындық талаптарының сақталуын тексеріп жатыр.
фото: Yuri Smityuk/TASS