Атыраудағы қанды қылмыс: Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына қамалуы мүмкін

0 46

Сәрсемалиевке ауыр айыптар тағылды. Атырау облысындағы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты тергеу ісі бойынша негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтілді.
Енді оған «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабымен қатар, «бірнеше рет адам өлтіру» дерегі де қосылды. Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары бойынша айып тағылып отыр. Бұдан бөлек, іс материалдарында «ұрлық» және «алаяқтық» баптары да бар. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті марқұмдардың жеке заттарын иемденіп, малдарын заңсыз сатқан деген күдікке ілінген.

Адвокат Абзал Қасымжановтың түсіндіруінше, «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» мен «бірнеше рет адам өлтіру» ұғымдарының айырмашылығы бар. Біріншісі – бір оқиға барысында бірнеше адамның өмірін қию болса, екіншісі – әртүрлі уақытта жасалған қылмыстарды білдіреді.

Заң бойынша аталған баптар 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сарапшылардың пікірінше, істің қоғамда үлкен резонанс тудыруы және күдіктінің шетелге қашуға әрекет жасауы сот шешіміне әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ адвокат Самат Әбуевтің айтуынша, үкім барлық қылмыстардың жиынтығы бойынша шығарылады. Бұл жағдайда жеңілірек жаза неғұрлым қатаң жазаға «жұтылады».

Қазіргі таңда нақты үкім сот шешімімен ғана анықталады.

politico.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.