Наурыз мейрамы – Жаңару мен бірлік мерекесі
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД №67 мекемесінде 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күн – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлері мен рухани құндылықтарын дәріптейтін, татулық пен жаңарудың символына айналған ерекше мереке.
Іс-шара барысында сотталған азаматтар белсенділік танытып, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, мекемедегі көркемөнерпаздар дайындаған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шықты. Ән мен күй шырқалып, ұлттық нақыштағы қойылымдар ұсынылды. Бұл шара сотталғандардың мәдени дамуына оң әсерін тигізіп, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, мерекеге орай өткізілген онкүндік іс-шаралардың қорытындысы шығарылып, әртүрлі бағытта белсенділік танытқан азаматтар анықталды. Үздік қатысушылар белгіленген тәртіпке сәйкес көтермеленіп, алғыс білдірілді.
Мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар сотталғандардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып, олардың түзелу жолына түсуіне септігін тигізеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі мекеме қабырғасында да өз деңгейінде аталып өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.