Көрісу күні – ұлттық дәстүрді ұлықтаған тағылымды шара
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 мекемесінде қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін насихаттау және сотталған азаматтардың рухани-адамгершілік тәрбиесін арттыру мақсатында Көрісу күні – Амал мерекесіне арналған мәдени-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында сотталған азаматтарға Көрісу күнінің шығу тарихы мен маңызы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазақ халқының ежелден келе жатқан бұл дәстүрі адамдардың бір-бірімен амандасып, амандық-саулық сұрасып, татулық пен сыйластықты нығайтуға бағытталғаны атап өтілді. Шара барысында сотталған азаматтар бір-бірімен қол алысып, ұлттық дәстүрге сай көрісу рәсімін орындады.
Сонымен қатар мерекеге орай сотталғандар арасында эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар «Көрісу күні – береке мен бірліктің бастауы» тақырыбында өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарының маңыздылығы туралы пікірлерін білдірді.

Іс-шара аясында сотталған азаматтар Көрісу күніне арналған мерекелік плакаттар дайындап, онда ұлттық мәдениетті бейнелейтін көркем суреттер мен қазақы ою-өрнектерді, сондай-ақ көрісу дәстүрінің көріністерін көрсетті. Бұл жұмыстар қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылығын арттырды.
Ұйымдастырылған мәдени іс-шара сотталған азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етті.
Мекеме қызметкерлері алдағы уақытта да сотталған азаматтар арасында тәрбиелік мәні жоғары мәдени іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жалғасын табатынын атап өтті.