Облыс әкімі 104 жастағы әжені мерекемен құттықтады
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы 104 жастағы тыл еңбеккері Бижамал Қаржаубаеваның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Аймақ басшысы ғасыр жасаған кейуананың хал-жағдайын сұрап, ізгі лебізін білдірді.
Еңбек жолын 1946 жылы Жарма ауданындағы Михайловка совхозында қойма меңгерушісі болып бастаған. Кейін сатушы, есепші болып еңбек етіп, Михайловка ауылдық кеңесінде хатшы қызметін атқарған.![]()


«Жас кезімде көп еңбек еттім. Соғыс жылдары соқамен жер жырттық. Кейін есепші болып жұмыс істедім. Ұзақ жасау адам баласының өзіне байланысты. Ең бастысы, өз ісіне адал, айналасына ниеті таза болуы керек. Ана деп ардақтап, арнайы келіп, құттықтап жатқандарыңа көп рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді кейуана.
Облыс әкімі ғасыр жасаған әженің өмір жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
«Облысымыздағы ең жасы үлкен әжемізге сәлем беріп, мерекемен құттықтау үшін арнайы келіп отырмын. Қилы заманды бастан өткердіңіз. Балалық, жастық шағыңыз қазақ тарихындағы қиын кезеңдерге тұспа-тұс келді. Соғыс жылдарында талмай еңбек еттіңіз. Одан кейін де ел игілігі жолында қызмет жасадыңыз. Елге сіңірген еңбегіңіз зор, өмір жолыңыз келешек ұрпаққа үлгі. Деніңізге саулық тілеймін», – деді Берік Уәли.