Дәрігерлерді қорғау – ұлттың денсаулығын қорғау

0 10
Елімізде медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшіне енді
Бүгін, 2026 жылғы 7 наурызда Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, қабылданған Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
«Өзгерістерге сәйкес Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізілген. Аталған бап медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді», — делінген мәліметте.
Құжат нормаларына сәйкес:
🔹 күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру секілді жазалар тағайындау көзделген;
🔹 аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру қарастырылған;
🔹 өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000-ға дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру секілді жазалар тағайындау көзделген;
🔹өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.
Leave A Reply

Your email address will not be published.