«ҚазФосфат кубогі» мәресіне жетті
Футзалдан ардагерлер (+50) арасында «ҚазФосфат кубогі-2026» жарысы мәресіне жетті. 2025 жылдың қараша айында басталған ала доп бәсекесіне 8 команда қатысып, өзара бақ сынаған болатын. Командалар арасындағы кездесулер әр аптаның сенбі, жексенбі күндері Тараз қаласындағы «ҚазФосфат» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі, бәсі биік жарысқа Қаратау ардагерлер құрамасы да қатысып, үздік ойын көрсеткен командалардың қатарынан табылды.
Айналма жүйесі бойынша командалар 3 айдың көлемінде 14 тур ойындарын өткізді. Алғашқы кездесулерде жерлестеріміз ойын алаңында шеберліктерін танытып, бастапқы үштіктің қатарынан табылды. Алайда шешуші кезеңде Қаратау командасына сәл ғана сәттілік жетіспеді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Дантис», «Рахат» және «Ынтымақ» командалары тұғыр сатыларынан көрінді. Ал, кездесулер барысында қарсыластар қақпасына 34 гол соққан «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің қызметкері Саят Тұрұмов «Ең үздік сұрмерген» номинациясын иеленді. Өткен жылғы жарыста да бұл аталым жерлесіміздің үлесіне жазылған болатын.
-«Қаратау» командасы «ҚазФосфат кубогінің» тұрақты қатысушысы. Әр жылдары ұйымдастырылған жарыста жүлделі орындардан көрінгеніміз бар. Биылғы бәсеке де өте тартысты жағдайда өрбіді. Алғашқы айналымда 15 ұпаймен 3-орында тұрдық. Екінші айналымда құрама сапындағы ойыншыларымыз жарақат алуына байланысты жарыстың фавориті саналған «Дантист» және «Рахат» командаларына жол беріп қойдық.
Командамыз 3-орынға әбден лайық еді. Турнир кестесінің 3 орнын түйіндеп тұрған. Шешуші кезеңде жолымыз Қырғыз елінен келген «Ынтымақ» командасымен түйісті. Өте тартысты кездесу болды. Бірінші кезеңде 3:1 есебімен алда келе жатқан қаратаулықтар екінші кезеңде жүрісінен жаңылғандай болды. 4 гол жіберіп, Қырғыз ағайындарды алға оздырды. Жүлделі орындар үшін өткен кездесу осылайша 3:4 есебімен аяқталды. Біздің командаға 4-орын бұйырды.
Спортшыларға қолдау білдіріп, тілеулестік танытқан аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековке ризашылығымызды білдіреміз,-дейді «Қаратау» командасының ойыншысы Карим Юсупов.