Мәжіліс депутаты Болат Керімбек өңір тұрғындарының өтініштерін қарады

0 1

AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Болат Керімбек өңір тұрғындарының өтініштерін қарады: 26 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, еліміздің әртүрлі өңірінен келген азаматтардың мәселесін тыңдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Партияның ашықтық пен қолжетімділік қағидатын ұстана отырып өткізілген іс-шараға барлығы 8 азамат қатысты. Оның ішінде 7 адам өңірлерден онлайн байланысқа шықса, 1 астаналық тұрғын депутатпен офлайн форматта жүздесті. Өтініштердің басым бөлігі халық тығыз қоныстанған әрі қоғамдық белсенділігі жоғары Астана және Шымкент қалаларынан түскен.

Қабылдау кезіндегі басты тақырыптардың бірі – өмір сүруге қажетті инфрақұрылымның жайы болды. Атап айтқанда, Атырау облысынан 10 жыл бойы авариялық деп танылған үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстарының баяулығы туралы өтініш түссе, Шымкент қаласынан тұрғын үй маңында ірі қосалқы станцияның салынуы туралы шағым түскен. Сондай-ақ Алматы облысынан жолданған ауыз су тапшылығы, көшелердің жарықтандырылмауы және жол сапасының нашарлығы туралы шағымдар қаралды.

«Тұрғын үймен қамтамасыз ету, ескі үйлер мен аулаларды жаңарту мәселелерін алдағы уақытта партиялық бақылау мен депутаттық қабылдаулар арқылы шешуге күш саламыз», – деп атап өтті Болат Керімбек.

Астана тұрғыны депутатқа бизнес саласындағы түйткілді мәселемен жүгінді. Кәсіпкер алаяқтық схемалардың кесірінен кепілге қойылған дүкендерінен айырылып қалған. Бұл мәселе бойынша депутат құқықтық көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Біз бұл өтінішті Мәжіліс назарына алып, Прокуратура және ІІМ арқылы тиісті жұмыстарды пысықтаймыз. Соңғы кездері азаматтардың, соның ішінде кәсіпкерлердің құқықтық сауатсыздығы мен жеңіл ақшаға қызығуы салдарынан алаяқтарға алдану фактілері жиілеп кетті», – деді депутат.

Болат Керімбек түйткілді мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың құзыреттілік шегін сақтау маңызды екенін атап өтті. Сот процестері мен құқық қорғау органдарының ішкі жұмыстарына заң бойынша араласуға шектеу болғанымен, партия халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, атап айтқанда жұмысқа орналастыру мен инфрақұрылымды дамытуға нақты ықпал ете алады.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/276956-mazilis-deputaty-bolat-kerimbek-onir-turgyndarynyn-otinisterin-qarady

Leave A Reply

Your email address will not be published.