Алматыда наурыз айы тосын құбылыстарға толы болады
Наурыз айында Алматыда ауа райы тұрақсыз болады. Күн райы жиі құбылып, жылымық пен суық бір-бірін алмастырып отырады деп хабарлайды Ertenmedia.kz «Қазгидрометке» сілтеп.
Айдың орташа температурасы +4,6 градус шамасында болып, климаттық нормаға жақындайды. Бірақ ұзақ мерзімді жылылыққа сенудің қажеті жоқ. Мамандардың айтуынша, айдың алғашқы күндерінен бастап ауа райы апта сайын құбылып отырады.
Наурыздың басында түнде ауа температурасы -10 градусқа дейін төмендеп, күндіз 0-ден +10 градус аралығында ауытқиды. Кейін аз уақытқа қайта суытады: түнде -8, күндіз +7 градусқа дейін.
Ал айдың екінші онкүндігінде нағыз көктем келеді деп күтілуде. Бұл кезеңде түнде температура +8…+13 градусқа, күндіз +20…+25 градусқа дейін күрт көтеріледі.
Дегенмен айдың соңына қарай тағы салқындайды. Түнде термометр аздап минус көрсетіп, күндізгі температура +8…+13 градусқа дейін төмендейді. Ай соңында ауа райы қайта жұмсарып, күндіз +13…+18 градус аралығында болады деп болжануда.
Мамандардың айтуынша, Алматыда бұл айда қар аралас жаңбыр, тұман мен көктайғақ жиі болады. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп түседі деген болжам бар. Мұндай ауа райының құбылуы қала үшін үйреншікті жағдай. Өйткені Алматы Іле Алатауының етегінде орналасқандықтан, көктем жылдам жылып, жылдам суып, өзгеріп тұрады.
«Қазгидромет» бұл алдын ала болжам екенін ескертіп, ауа райы жағдайына байланысты нақты мәліметтер кейінірек қайтадан нақтыланатынын айтты.
ertenmedia.kz
Фото: unsplash