Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару

0 62
Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің су шаруашылығы ведомстволарының басшыларымен бірге Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 92-інші отырысына қатыстым. Қырғыз Республикасы жиынға бақылаушы ретінде қатысты.
Отырыста 2025-2026 жылдардағы вегетацияаралық кезеңде Сырдария мен Әмудария өзендері бассейндеріндегі су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс режимдері қаралды. Сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары саммиттерінде қабылданған шешімдерді іске асыру барысы талқыланды.
Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған су саласындағы бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бастамалар ұлттық реформаларды үйлестіруге, суды есепке алудың ашық жүйесін дамытуға және деректермен жүйелі алмасуға, сондай-ақ қолданыстағы өңірлік тетіктердің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, Президент Орталық Азияда су пайдалануға қатысты Рамалық конвенцияны қабылдауды ұсынды. Осы бастаманың су саласындағы өңірлік үйлестіруді нығайту, климаттың өзгеруіне бейімделу жолындағы күш-жігерді біріктіру және су ресурстарын тұрақты басқаруды ілгерілету үшін маңызын ескере отырып, тараптарды оны қолдауға шақырдым.
Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы ведомстволарының басшыларын 22-24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырдым. Саммит аясында министрлігіміз екі арнайы су сессиясын ұйымдастырады: «Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару: бастамалардан бірлескен іс-қимылға» және «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру».
МСШҮК-ның келесі, 93-інші отырысын 2026 жылдың сәуір айында Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі
Leave A Reply

Your email address will not be published.