Абай облысында бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты ашылды
Бүгін Семей қаласында бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты.

«Agrolider KAZ» ЖШС-нің базасында ашылған жаңа зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған және жылына 72 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуатына ие. Жобаның жалпы құны – 4,1 млрд. теңге. 50 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Мемлекет басшысы аграрлық саланы әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім өндіру міндетін айқындап берген болатын. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – сол тапсырмалардың өңірлік деңгейде жүзеге асуының айқын көрінісі. Мұндай жобалар облысымыздың инвестициялық тартымдылығын арттыруда және жаңа технологияларды, заманауи стандарттарды енгізуде үлгі болары сөзсіз. Ерекше атап өтерлігі, мұндай кәсіпорын елімізде жоқ. Ең бастысы, біз енді тек шикізат өндіруші емес, сапалы дайын өнім шығаратын өңдеуші аймақ ретінде дамуға қадам басып отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және инвестициялық тартымдылықты күшейтуге ықпал етеді», – деді облыс әкімі.

«Бұл өндіріс орыны 1 жарым жылда салынды. Жан жақты қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігіне алғыс айтамыз. Өнімдер 10 мемлекетке экспортталып, жаңа зауыт ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосатын болады деп сенеміз», — деді ол.