Ми эволюциясы: даму ма, құлдырау ма?
сурет: istockphoto.com
Ми эволюциясы: даму ма, құлдырау ма?: 20 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Бір кездері адамдар мыңдаған жол жырды жатқа айтып, жұлдыздарға қарап жол табатын. Бүгін біз қатардағы телефон нөмірін есте сақтай алмаймыз және навигаторсыз адасамыз. Біздің құралдарымыз ақылды болған сайын, өзіміз қарапайым дағдылардан айырылып жатқандаймыз. Бұл тәуелділік адамның нейрондық желілерін қалай өзгертіп жатыр? Мидың кішіреюі мен когнитивті қабілеттердің трансформациясы бізді жаңа «супер-адам» деңгейіне шығара ма, әлде технологияға тәуелділікке жетелей ме?
Ми кішірейді
Антропологиялық зерттеулер соңғы 30 000 жыл ішінде адамзаттың басты органы мидың көлемі шамамен 10-15 пайызға кішірейгенін нақты деректермен растап отыр. Егер жоғарғы палеолит дәуіріндегі (тас дәуірі) ата-бабаларымыздың миы орташа есеппен 1 500 см3 болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 1 350 см3-ге дейін төмендеген. Бұл эволюциялық масштабпен қарағанда өте қысқа мерзім ішінде миымыздың теннис добындай көлемді жоғалтқанын білдіреді.
Ғалымдар бұл феноменді бірнеше бағытта түсіндіреді. Біріншісі, биологиялық оңтайландыру. Ми – дененің ең көп энергия тұтынатын мүшесі. Сондықтан эволюция барысында ми «ықшамдалып», тиімдірек жұмыс істеуге көшті. Бұл – алып компьютерлердің уақыт өте келе кішігірім, бірақ қуатты микропроцессорларға айналуына ұқсас процесс. Яғни, ми көлемі кішірейгенімен, оның ішкі нейрондық байланыстарының тығыздығы мен ақпаратты өңдеу жылдамдығы артуы мүмкін.
Екінші бағыт – өзін-өзі қолға үйрету. Қауіпсіз әлеуметтік орта құру арқылы адамдар жабайы табиғаттағы агрессия мен үнемі сақ жүру қажеттілігінен арылды. Жабайы қасқыр мен үй итін салыстырғанда байқалатын ми көлемінің айырмашылығы сияқты, адамзат та өркениет шеңберіне кірген сайын мидың кейбір реактивті бөліктеріне жүктеме азайды.
Үшінші бағыт – ұжымдық интеллект. Ежелгі адам жалғыз өзі энциклопедист болуға (аң аулау, емдік шөптерді тану) мәжбүр болса, қазір қоғамда білім мен дағдылар бөліске салынған. Бұл жеке адамның миына түсетін жүктемені жеңілдетіп, биологиялық жадтың орасан зор көлемдегі ақпаратты сақтау қажеттілігін төмендетті. Мұны Дартмут колледжінің зерттеушілері мен антропологтар тобы жүргізген зерттеу нақтылай түседі.
Ғалымдардың талдауына сүйенсек, ми көлемінің азаюы шамамен 3 000 жыл бұрын, яғни ежелгі өркениеттерде жазу-сызу мен ірі қалалық инфрақұрылымдар қалыптаса бастаған кезеңде үдей бастаған. Біздің бабаларымыз ақпаратты тек биологиялық жадында сақтаудан қалып, оны сыртқы тасымалдаушыларға – тасқа, папирусқа, кейіннен қағазға жаза бастады. Яғни, «сыртқы жадының» пайда болуы миды орасан зор ақпараттық жүктемеден босатты. Жазу-сызу пайда болған сәттен адамның есте сақтау қабілетіне қойылатын талаптар да өзгерді. Ендігі кезекте бүкіл шежірені, заңдарды немесе егіншілік күнтізбесін жатқа білудің қажеті болмай қалды, оның қай жерде жазылғанын білу жеткілікті еді. Бүгінгі біздің смартфонға тәуелділігіміз осы 3 000 жыл бұрын басталған процестің шарықтау шегі ғана.
Бұл процеске ірі қалалардың пайда болуы әсер етті. Еңбек бөлінісі кезінде адам бәрін білетін «әмбебап» болудан қалып, нақты бір саланың маманына айналды. Ми энергияны үнемдеу мақсатында өзінің кейбір когнитивті функцияларын «ұжымдық ақыл-ойға» тапсырды.
Соңғы 3 000 жылдағы өмір сүру сапасының артуы мен ақпараттық технологиялардың дамуы миға өз көлемін сақтау арқылы энергия шығындаудың қажеті жоқ екенін «түсіндірді».
Ұмытшақ ұрпақ
Иә, бір кездері адамның жады білімнің жалғыз қоймасы еді. Қазір бұл функцияны «бұлтты» технологиялар мен іздеу жүйелері алмастырды. 2011 жылы Science журналы Колумбия университетінің профессоры Бетси Спэрроудың ғылыми жұмысын жариялады. Психолог іздеу жүйелерінің адамның есте сақтау қабілетіне әсерін зерттеп, оны «Google эффектісі» деп атады. Адам ақпаратты есінде сақтағысы келмейді. Өйткені оны кез келген уақытта интернеттен таба алатынын біледі. Яғни, біздің миымыз ақпараттың өзін емес, оның қай жерде орналасқанын ғана есте сақтауға бейімделіп алған. Бұл – мидың энергия үнемдеу стратегиясы. Егер ақпаратқа бір түймені басу арқылы қол жеткізсек, нейрондық желілер оны ұзақмерзімді жадыға сақтауды қажетсіз деп есептейді. Алайда мұндай процесс адамды деградацияға алып келеді деген қорқынышты ой әлеуметтанушы, философ, антропологтар арасында қызу талқыға түсіп отыр.
The Financial Times басылымының жазуынша, дамыған елдердегі ересектердің 25 пайызы, АҚШ-тағы ересектердің 35 пайызы қарапайым математикалық тапсырмаларды шеше алмайды. Ал бір затқа зейінін тұрақтандыра алмайтын 18 жастағылардың саны 2015 жылдан бастап күрт өскен. 2022 жылы жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 50 пайызы сол жылы бір кітап қана оқығанын, ал жасөспірімдердің 45 пайызы мүлдем оқымайтынын айтқан. Мұндай қорытындыны PISA халықаралық тест мәліметтеріне талдау жасаған зерттеушілер жасап отыр. Олардың есебі бойынша назар аудару мен аналитикалық ойлау мәселесі жасөспірімдерге ғана қатысты емес, ересектерде де байқалған.
Технологияның кесірінен адамның когнитивті қабілеттерінің кейбір тұстары шынымен де «зардап шегуде». Ульм университетінің профессоры, нейробиолог Манфред Шпитцердің Digital Dementia (Сандық деменция) атты еңбегі заманауи нейроғылымдағы ең көп талқыланатын еңбектердің біріне айналды. Автор бұл терминді медициналық диагноз ретінде емес, цифрлық технологиялардың әсерінен болатын когнитивті құлдырауды сипаттайтын әлеуметтік құбылыс ретінде енгізді. Шпитцер теориясы бойынша, ми бұлшықет сияқты әрі өте икемді. Ол неғұрлым көп «жүктелсе», соғұрлым жақсы дамиды. Керісінше, егер біз ақыл-ой жұмысын сыртқы құрылғыларға (смартфон, навигатор, Google) тапсырсақ, ми «жаттығусыз» қалады. Бұлшықет жұмыс істемесе семіп қалатыны сияқты, пайдаланылмаған нейрондық байланыстар да жойыла бастайды. Шпитцер мұны «мидың ерте қартаюы» деп атады.
Ослодағы Экономикалық зерттеулер орталығының (Ragnar Frisch Centre) ғалымдары 730 мыңнан астам тест нәтижелерін талдап, 1970 жылдан кейін туған ұрпақтың IQ (интеллект коэффициенті) көрсеткіші әр онжылдықта орташа есеппен 7 ұпайға төмендеп жатқанын анықтады. Ғалымдар бұл құбылысты бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншісі, технологиялық «таяныш». Біз күрделі логикалық және математикалық есептерді гаджеттерге сеніп тапсырдық. Ми «жұмыс істемеген» бөліктерін дамытуды тоқтатады. Екіншісі, ақпараттық таяздық. Интернеттегі ақпараттың көптігі оның сапасын төмендетті. Терең талдаудың орнына үстіртін «сканерлеу» әдетке айналды. Үшіншісі, экологиялық және әлеуметтік факторлар. Қоршаған ортаның ластануы мен өмір сүру салтының өзгеруі де нейрондық процестерге әсер етуі мүмкін.
ХХ ғасырдың екінші жартысында психология мен әлеуметтану саласында сенсациялық жаңалық ашылды. Жаңазеландиялық зерттеуші Джеймс Флинн әлемнің ондаған еліндегі IQ деректерін талдап, таңғаларлық заңдылықты байқайды. Әрбір онжылдық сайын адамдардың IQ көрсеткіші орташа есеппен 3 ұпайға өсіп отырған. Бұл құбылыс ғылымда «Флинн эффектісі» деген атпен қалды. Алайда 2000 жылдардың басынан бастап бұл үрдіс күрт өзгерді. Норвегия, Дания, Финляндия және Ұлыбритания сияқты жоғары дамыған елдерде жүргізілген зерттеулер IQ деңгейінің өсуі тоқтап қана қоймай, төмендей бастағанын көрсетті. Мұны ғалымдар «Флиннің кері эффектісі» деп атады.
Джеймс Флиннің өзі өмірінің соңына дейін IQ тесттерінің төмендеуі адамдардың «топастанғанын» емес, интеллект түрінің өзгергенін білдіреді деп есептеді. Ойлап қарасақ, қазіргі адамдарға 1950 жылғы логикалық есептерді шешу қызық емес немесе қажет болмауы мүмкін. Есесіне, қазіргі жастар визуалды ақпаратты өңдеу, бағдарламалау тілдерін меңгеру және цифрлық әлемде бағдар табу бойынша алдыңғы ұрпақтан көш ілгері. Яғни, біз топастанып жатқан жоқпыз, бейімделіп жатырмыз. Бұрынғы адамдар өз заманына сай ақылды болды, біз өз заманымызға саймыз. Егер қазіргі адамды XVIII ғасырға апарып тастаса, ол ештеңе істей алмай «ақымақ» болып көрінуі мүмкін. Ал XVIII ғасырдың адамы смартфонды қолдана алмай, біздің әлемде «топас» болып көрінер еді.
Алайда Флинн эффектісінің кері бағытқа кетуі адамзатқа үлкен ескерту. Бұл біздің биологиялық әлеуетіміздің технологиялық мүмкіндіктерімізге ілесе алмай жатқанының белгісі. Смартфон бізге әлемді сыйлағанымен, сол әлемді терең түсіну үшін қажетті аналитикалық аппаратты (миды) әлсіретіп алу қаупі бар. Сондықтан адамзатты тоқырауға ұшырады деуге әлі ерте. Флинн эффектісі (IQ деңгейінің өсуі) де біздің миымыздың жаңа жағдайға бейімделіп жатқанын көрсетеді. Қазіргі адамның миы абстрактілі ойлауға, визуалды ақпаратты секундтар ішінде өңдеуге өте икемді.
Адамзаттың миы кішірейгенімен оның ақылды бола бастағанын ғалымдар тікелей тамақтанудың жақсаруымен де байланыстырады. Мидың дұрыс дамуы үшін қажетті дәрумендер мен ақуыздар жеткілікті болуы керек. Бұған мектептегі білім берудің ұзақтығы мен сапасының артуы да ықпал етіп отыр. Сондай-ақ технологиялық прогресс адамдардан физикалық еңбектен гөрі, символдармен, жіктеулермен және логикалық схемалармен жұмыс істеуді талап етеді.
Клиптік ойлау қаншалықты қауіпті?
Миды ақпаратты терең талдаудан айыратын тағы бір себеп – смартфон. Біз ұзақ мәтін оқи алмайтын, бір іске 10 минуттан артық зейін қоя алмайтын «клиптік ойлау» деңгейіне түстік. Клиптік ойлау дегеніміз – әлемді біртұтас жүйе ретінде емес, бір-бірімен байланыспаған қысқа хабарламалар, бейнелер және жаңалықтар тізбегі ретінде қабылдау.
Клиптік ойлаудың қалыптасуына әлеуметтік желілердің алгоритмдері тікелей әсер етеді. Смартфондағы «лентаны» жылжыту мидың дофаминдік жүйесін үнемі қоздырып отырады. Әрбір жаңа, қысқа әрі қызықты ақпарат миға кішігірім рахаттану сигналын береді. Нәтижесінде, зейін тұрақсызданады. Қазіргі адамның бір нәрсеге зейін қою уақыты орташа есеппен 8 секундқа дейін қысқарған. Ми күрделі мақалаларды оқудан немесе ұзақ лекцияларды тыңдаудан қашады, себебі олар «тез дофамин» бермейді.
Клиптік ойлаудың ең қауіпті тұсы – адамның аналитикалық қабілетінің төмендеуі. Себеп-салдарлық байланысты құра алмаған адам ақпаратты сыни тұрғыдан өңдей алмайды. Адам ақпараттың мәніне үңілмейді, тек оның визуалды қабығына қарайды. Бұл фейк жаңалықтардың тез таралуына және адамдардың жарнама мен үгіт-насихатқа оңай сенуіне «жол ашады». Тағы бір қауіптілігі клиптік ойлау логикаға емес, эмоцияға сүйенеді. Логика әлсірегенде, адамдар манипуля-цияға тез түседі. Өйткені қызылды-жасылды сурет немесе арандатушы тақырып терең дәлелденген аргументтен гөрі көбірек сенім тудырады. Мұндай ойлау тәсілі адамның тілі мен сөйлеу мәдениетіне де кері әсер етеді. Ойды қысқа символдармен (эмодзи, стикерлер) немесе жаргон сөздермен жеткізу адамның ішкі әлемін сипаттау қабілетін шектейді. Ұзақ сөйлемдер құраудың қиындауы осы логикалық ойлаудың іргетасының шайқалып жатқанының белгісі.
Дегенмен кейбір зерттеушілер клиптік ойлауды тек жаман құбылыс деп есептемейді. Олардың пікірінше, бұл – ақпарат тасқынына қарсы мидың қорғаныс механизмі. Қазіргі жастар бір уақытта музыка тыңдап, хат жазып, ақпарат іздей алады. Олардың миы ақпаратты секундтар ішінде сүзгіден өткізіп, маңыздысын тауып алуға бейімделген. Сондай-ақ клиптік ойлауы дамыған адамдар өзгермелі ортада тез шешім қабылдауға қабілетті.
2017 жылы Техас университетінің ғалымдары қызықты эксперимент жасады. Студенттерді үш топқа бөліп, когнитивті тест тапсыртты. Бірінші топ смартфонды үстел үстіне (бетін төмен қаратып), екінші топ сөмкесіне, үшінші топ басқа бөлмеге қалдырады. Нәтижесінде, смартфоны басқа бөлмеде болғандар ең жоғары нәтиже көрсеткен. Тіпті, телефоны өшірулі болса да, ол жақын жерде жатса, мидың бір бөлігі телефонға алаңдамау үшін де энергия жұмсайтыны белгілі болды. Мұны Brain drain (мидың сарқылуы) деп атады.
Жақсыны – үйренбекке
Қазір әлем өте тез өзгеріп жатыр. Бұрын басқа дағдылар бағаланатын. Бүгінде жаңа нәрселерді тез үйрену, жоспарды өзгерту және жаңа жағдайға бейімделу мүмкіндігі өте маңызды. Ал бұл үшін күшті эмоциялық интеллект (стреспен күресу үшін), әлеуметтік интеллект (бірлесіп жұмыс істеу және басқалардан үйрену) және шығармашылық интеллект (жаңа шешімдер табу үшін) қажет.
Сондықтан барлық «ақыл-ой бұлшықеттеріңізді» жаттықтыруды ұмытпаңыз. Кітап оқыңыз, адамдармен араласыңыз, жаңа нәрселерді көріңіз, эмпатияны дамытыңыз, сонда миыңыз толық қуатпен жұмыс істейді. Бұл тақырыпта біржақты пікір әзірге болмай тұр. Ғылым «біз топастанып жатырмыз» деп кесіп айтпайды. Ондаған жылға созылған зерттеулер нәтижесі де әртүрлі. Кейбір зерттеулер біздің қабілетіміздің төмендегенін айтса, кейбірі мидың бейімделіп жатқанын алға тартады. Ми фактілерді сақтау функ-циясын смартфонға жүктеп, өзі жылдам шешім қабылдау мен ақпаратты сүзгіден өткізуге бейімделуде.
Шын мәнінде, интеллектіні бағалау өте күрделі міндет. Бір ғана тест алып: «Міне, бүкіл адамзаттың интеллект деңгейі осындай!» деп айта салуға болмайды. Ол үшін білім беру, ақпаратқа қолжетімділік, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар сияқты көптеген факторды ескеретін кешенді тәсіл қажет. Бұл топырақтың сапасын оның тек бір қабатына қарап бағалауға тырысқанмен бірдей.
Адам интеллектісі өте икемді жүйе. Үнемі жаңа жағдайларға бейімделеміз, жаңа технологиялар ойлап табамыз, оқимыз және дамимыз. Болашақта біз интеллектіні қазіргіге қарағанда мүлдем басқаша пайдалануымыз әбден мүмкін. Ең бастысы, интеллект дегеніміз жай ғана тесттегі ұпайлар жиынтығы емес, ол үйренуге, мәселелерді шешуге және өмірге бейімделуге деген қабілет екенін ұмытпауымыз керек.
Жаңа бір нәрсені қалай үйренетініңізді есіңізге түсіріңізші. Сіз сағаттап жаттайсыз, бірақ ақпарат баста ешқашан болмағандай тез ұшып кетуі мүмкін. Ал кейде бір рет оқыған нәрсеңіз жадыңызда ұзаққа сақталып қалады. Өйткені тек не оқитыныңыз емес, қалай оқитыныңыз да маңызды. Біздің миымыз деректерді жай ғана «жүктей» салатын «қатқыл» диск емес. Ол – бір-бірімен үнемі байланыста болатын, жаңа байланыстар түзетін нейрондардың күрделі желісі. Осы байланыстар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы есте сақтайсыз.
Танымал нейробиолог, доктор Джон Смит: «Оқу процесі – жаңа нейрондық жолдарды жасау. Сіз процеске неғұрлым белсенді қатыссаңыз, бұл жол соғұрлым мықты болады», – дейді.
Сонымен қатар, эмоциялардың орны бөлек. Егер оқу кезінде жағымды әсер алсаңыз, ми ақпаратты жақсырақ сақтайды. «Эмоциялар жадының күшейткіші ретінде қызмет етеді. Күшті эмоциямен байланысты естеліктер әлдеқайда тұрақты болады», – дейді когнитивті психология саласының маманы, доктор Эмили Браун.
Адам баласына берілген ерекше сый – оның миы. Сондықтан жаңа бір нәрсе үйренгенде, оны қызықты әрі эмоцияға ерік беріп жасап көріңіз. Түрлі сезім мүшелерін іске қосып, тақырыпты достарыңызбен талқылап, алған біліміңізді іс жүзінде қолданудың жолын тапсаңыз, ұтқаныңыз. Сондай-ақ үзіліс жасауды ұмытпаңыз, миға да демалыс керек!
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/276578-mi-evoliuciiasy-damu-ma-quldyrau-ma