Алматыдағы жер сілкінісін хабарлау жүйесі 3–5 жылдан кейін ғана толық реттеледі
Алматыда жер сілкінісі туралы хабарлайтын Mass Alert жүйесін толық баптау үшін тағы 3-5 жыл уақыт қажет. Бұл туралы Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қуаныш Оспанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Курсивке сілтеме жасап.
Соңғы күндері Алматы тұрғындары қарқындылығы 2–3 балл болатын екі жер сілкінісін сезінді. Алайда Mass Alert жүйесінен ешқандай хабарлама келген жоқ. ТЖМ бұл жағдайды жүйенің тек 5 балл және одан жоғары сілкіністер кезінде ғана іске қосылатындығымен түсіндірді.
Қуаныш Оспановтың айтуынша, жүйенің қатесіз жұмыс істеуі үшін ұзақ уақыт бойы «калибрлеу» (дәлдеу) жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ол бұл орайда дамыған елдердің тәжірибесін мысалға келтірді.
«Жүйе Алматы қаласында 5 балл және одан жоғары жер сілкінісі болады деп есептесе, автоматты түрде сигнал беретіндей етіп жасалған. Ол үнемі түзетіліп, калибрленіп отырады. Егер халықаралық тәжірибені, АҚШ немесе Жапонияны алсақ, олар жүйенің нақты жұмыс істеуі үшін оны 3 жыл, тіпті 5 жыл бойы баптаған. Біздің жүйе әлі жас», — деп түсіндірді Оспанов.
Бұған дейін Алматыда 2 баллдық жер сілкінісі кезінде жүйенің іске қосылып кеткен жағдайлары болған. Мамандар бұл қателіктерді жүйенің әлі де сынақтан өтіп, реттеліп жатқанымен байланыстырады.
фото: pixabay