Қазақстанды қысып бара жатқан циклон: алдағы күндері 37 градус аяз күтіледі
Қазақстанның басым аумағында алдағы күндері ауа райы күрт суытады. Ел аумағына келген циклон солтүстік пен шығыста қарлы боран, оңтүстікте жаңбыр алып келеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Синоптиктердің дерегінше, солтүстік және шығыс өңірлерде қар жауып, кей жерлерде ақтүтек боран соғады. Жел күшейіп, жолдарда көктайғақ болады. Оңтүстік аймақтарда жаңбыр жауып, кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде.
Циклонның ізін ала Ресейдің еуропалық бөлігінен суық антициклон жылжып келеді. Оның әсерінен алдымен батыста күн ашылып, артынша ауа температурасы бірден төмендей бастайды.
Батыста түнгі температура 10-22 градусқа дейін суытса, солтүстікте 17-25 градус аяз болады. Оңтүстікте де күн салқындап, 0-8 градусқа дейін төмендейді.
23 ақпаннан бастап елдің солтүстік-батысында, ал 24 ақпаннан бастап солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда аяз күрт күшейіп, түнгі температура -25 пен -37 градус аралығына дейін төмендеуі мүмкін.
Бүгін «Қазгидрометтің» болжамы бойынша елдің көп бөлігінде суық ауа райы сақталды. Астанада түнде -22 градусқа дейін аяз болса, күндіз температура -10 градус шамасында тұр. Алматы мен Шымкентте күн жылы болғанымен, алдағы уақытта салқын ауаның әсері мұнда да сезіледі.
Фото: Ertenmedia.kz