Айыппұл арқалап қалмаңыз: Бас прокуратура елге үн қатты

0 18

Бас прокуратура алдағы республикалық референдумға байланысты қоғамдық сауалнама жүргізудің нақты ережесін түсіндіріп, ескерту жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

2026 жылдың 15 наурызына белгіленген референдумда азаматтарға «2026 жылдың 12 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын қабылдайсыз ба?» деген нақты сауал қойылады.

Прокуратура өкілдері қоғамдық пікірді зерттеу тек Конституциялық заңдармен белгіленген қатаң ережелер шеңберінде жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді.

Соған сәйкес, сауалнаманы өткізуге тек Қазақстанда заңды тіркелген, осы салада кемінде бес жыл тәжірибесі бар және Орталық сайлау комиссиясына алдын ала жазбаша хабарлама берген ұйымдар ғана құқылы.

Сауалнама нәтижелерін жариялағанда, тапсырыс берушінің атауы, қаржыландыру көзі, сауалнама уақыты, қойылған сұрақтың нақты мәтіні, қатысушылардың саны мен нәтижелердің статистикалық ауытқуы міндетті түрде көрсетілуі тиіс.

«Сауалнама жүргізуді жоспарлаған ұйымдар ОСК-ға жіберетін хатта зерттеу жүргізетін мамандардың тізімін, олардың кәсіби тәжірибесін, сондай-ақ қай өңірлерде және қандай әдістермен сауалнама жүргізілетіні туралы толық ақпарат беруге міндетті», – делінген прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар…

Заң бойынша, сауалнамалар нәтижесін референдумға бес күн қалғанда және дауыс беру күні жариялауға тыйым салынады. Сонымен қатар, дауыс беру күні учаске аумағында қоғамдық пікір зерттеуін өткізу заңсыз саналады.

Бас прокуратура өкілдері бүгінге дейін осындай 4 заңбұзушылық тіркелгенін де хабарлады. Оның үшеуінде сауалнаманы жүргізгендер Орталық сайлау комиссиясын алдын ала ескертпеген болса, тағы бір жағдайда сауалнама нәтижесі міндетті реквизиттерсіз жарияланған.

Соған байланысты екі азамат пен бір заңды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 120-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, сауалнама нәтижесін заң талаптарына сай көрсетпеген бір баспа басылымының иесіне де айыппұл салынды.

«Конституцияның 83-бабына сәйкес, прокуратура органдары референдумның барлық кезеңдерінде заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалайды. Осыған байланысты азаматтарды, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдерін заң талаптарын мұқият орындауға шақырамыз», – деп түйіндеді Бас прокуратура.

Фото: gov.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.