«Конституция – қоғам тұрақтылығының кепілі»

0 13

Елдегі тұрақтылық пен тәртіптің негізгі тірегі ол — Конституция.

Ол әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын айқындап, мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Конституция – мемлекет пен қоғамның ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын басты құжат». Сондықтан Конституцияны құр қағаз емес, өмірде нақты орындалуы тиіс құндылық деп қабылдауымыз керек.

Әр азамат оның маңызын терең түсінгенде ғана заң үстемдігі қалыптасады. Конституциялық өзгерістер – азаматтың құқықтары мен қоғам дамуына арналған қадам. Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі. Әрбір азаматтың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ортақ міндет.  Осыған орай  Ақбұлым алабының кітапханасы «Конституция – қоғам тұрақтылығының кепілі» атты пікір алмасу кешін өткізді.

Кездесу барысында Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, оның қоғам өміріндегі маңызы жан-жақты талқыланды. Әсіресе неке мен отбасы, білім беру, дін, тіл және экология мәселелеріне қатысты тармақтарға ерекше назар аударылды.
Неке мен отбасы мәселесіне қатысты Конституцияда отбасының қоғамның негізгі құндылығы екені, неке ерікті келісім негізінде құрылатыны және ана мен әке, бала құқығының мемлекет тарапынан қорғалатыны айтылды. Отбасы институтын нығайту – тұрақты қоғам қалыптастырудың басты кепілі екені атап өтілді.
Білім беру саласына байланысты әр азаматтың сапалы білім алуға құқығы бар екені, орта білімнің міндеттілігі және мемлекеттің білім беру жүйесін дамытуға жағдай жасайтыны түсіндірілді. Сонымен қатар педагог мәртебесі мен білім сапасын арттыру бағытындағы қағидаттар сөз болды.
Дін мәселесіне қатысты Қазақстанның зайырлы мемлекет екені, әр азаматтың ар-ождан бостандығына құқығы бар екені және діни сеніміне қарамастан барлығының заң алдында теңдігі қозғалды. Мемлекет пен діннің бөлек екендігі, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау маңызды екені айтылды.
Конституцияның 9-бабына сәйкес тіл мәселесі де кеңінен түсіндірілді. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені, Мемлекет Қазақстан халқының барлық тілдерін құрметтеу мен дамытуға жағдай жасайтыны ерекше атап өтілді. Тіл – ұлттық бірегейлік пен ел бірлігінің маңызды факторы екеніне тоқталды.
Сонымен қатар экология мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Конституцияда әр азаматтың қолайлы қоршаған ортада өмір сүруге құқығы бар екені және табиғатты қорғау – баршаның ортақ міндет.
Мемлекет табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізетіні аталды.
Leave A Reply

Your email address will not be published.