Түркістанда әйелдің қол-аяғын байлап, күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызған
Түркістанның үш тұрғыны әйелді ұрлап, оны заңсыз түрде психиатриялық стационарға орналастырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін атап өтіп, қатаң жаза тағайындады.
Ю. мен М.-ға адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы адам ұрлау (ҚК 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы) және психиатриялық стационарға заңсыз орналастыруға жәрдемдесу (ҚК 28-бабы 5-бөлігі – 127-бабы 1-бөлігі) айыптары тағылды.
«Сотталушы Д. тұрғылықты жерінде атыс қаруына арналған 16 жауынгерлік патронды заңсыз сақтаған. Ол оларды бұған дейін Түркістандағы базарлардың бірінің аумағынан тауып алған. Сонымен қатар азаматтық жұбайы И.-мен болған отбасылық жанжалдар негізінде Д.-да оны психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру туралы қылмыстық ниет пайда болды. Ойын жүзеге асыру үшін ол таныстары Ю. және М.-мен алдын ала сөз байласты. Сотталушылар жәбірленушінің қарсылығын басып, оның қолы мен аяғын скотчпен байлап, күштеп Шымкент қаласындағы Облыстық психикалық денсаулық орталығына алып барды. Сол жерде Д. тиісті медициналық құжаттарға қол қойып, оны мекемеге заңсыз орналастырған», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің көрсетулерімен, сараптамалық қорытындылармен, куәгерлердің айғақтарымен, аудио және бейнематериалдармен дәлелденді. Үкім шығару кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді.
Қылмыстар жиынтығы бойынша Д. 9 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Ю. мен М.-ға әрқайсысына 8 жылдан тағайындалды. Сондай-ақ моральдық зиянды өтеу ретінде Д.-дан 5 млн теңге, Ю. мен М.-дан әрқайсысынан 3 млн теңгеден өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: ашық дереккөз