Мемлекеттік қызметке іріктеудің онлайн жүйесімен конкурстар өткізілуде
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу конкурсы ішкі (мемлекеттік қызметшілер арасында) және жалпы (барлық азаматтар үшін) болып екіге бөлінеді. Іріктеу құжаттарды қабылдау, тестілеу (заңнаманы білу, құзыреттілікті бағалау), әңгімелесу және қорытынды шешім қабылдау кезеңдерінен тұрады. Барлық процестер «eQyzmet.gov.kz» сыртқы интернет-порталында онлайн жүргізіледі.
Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге белгіленген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен қатысуға мүмкіндік береді. Іріктеу процесі ашықтықты, әділдікті және тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Іріктеу және конкурс өткізудің негізгі кезеңдері:
- Жүйеде конкурс өткізу туралы хабарландыру;
- Жүйе арқылы конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтардың өтінімдерін қабылдау;
- Үміткерлердің жеке қасиеттерін бағалаудан және үміткердің мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтуі;
- Эссе жазу (белгілі бір лауазымдар үшін не мемлекеттік органның шешімі бойынша);
- Мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу немесе төменгі лауазымдарға Практикалық бағалау;
- Конкурс қорытындысын шығару.
Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ықпалдастырылған ақпараттық жүйеде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына іріктеу мен орналасуға конкурс өткізудің уақытша тәртібі енгізілген.
Бұл ретте 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық жергілікті атқарушы органдармен 695 бос лауазымға жалпы конкурс жарияланған. Оларға 2965 үміткер қатысқан. Бұл бір орынға 4,3 адам бәсекелес болғанын көрсетіп отыр.
Осы орайда, өткізілген конкурстардың нәтижесінде 318 жеңімпаз анықталып, мемлекеттік қызметке қабылданған.