Парамен ұсталған полковник. Сотта ол неге өз шындығын айтқысы келмеді?
Ұйымдасқан қылмыстық топтар мен сыбайлас жемқорлық жайлаған Шымкентте не болмай жатыр дейсің. Жуырда мегаполисте Тұран аудандық полиция басқармасының басшысы, полковник Нұржан Тілеуов сот үкімімен пара алу бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Жалпы, Шымкент қаласында полиция басшысының сыбайлас жемқорлық қылмыспен сотталуы бірінші мәрте кездесіп отыр. Яғни, былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің (антикор) жұмысында нәтиже, өзгеріс бар деген сөз. Алайда антикор соңғы уақытта көбірек нәтиже қуалап кеткен жоқ па? Полковник Тілеуовке шығарылған үкім осындай күдіктің құлағын қылтитады. Неге дейсіз бе?
Себебі полковниктің өзі тергеу барысында 6 миллион теңге пара алғанын бұлтарусыз мойындаған. Алайда сотқа келгенде бұл жауабынан бас тартады. Бірақ түсініксіз себептермен сот кезінде жаңа жауаптар бермеген. Неге?
Ал енді пара берді деген арызданушының іс-әркетінде бұдан да қызық жұмбақтар бар. Ол сот барысында тергеуде берген жауаптарынан бас тартады. Осыдан кейін Тілеуовтің өзінен ешқандай пара сұрамағанын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің тапсырмасы бойынша жұмыс істегенін алға тартқан. Ол тіпті тапсырманы орындағаны үшін ҰҚК-нің өзіне 980 мың теңге сыйақы жазып бергенін де айтқан.
Ал енді пара ретінде берілген 6 миллион теңгенің 3 миллионы жедел-іздестіру әрекеттері кезінде із-түсіз жоғалып кетіп, осы уақытқа дейін табылмаған. Мұндай шым-шытырық, қым-қиғаш қылмыстық іс бұған дейін Шымкент түгілі Қазақстанда болмаған шығар, сірә.
Оқырманға түсініктірек болу үшін алдымен біз үкімде Тілеуовтің үстінен арызданған А.Узбекова деген азаматшаның тергеу кезінде берген жауаптарымен бастағанды жөн көріп отырмыз. Оның айтуынша, 2025 жылдың 6 тамызында оған бұрынғы енесі хабарласып, 2023 жылы ажырасып кеткен күйеуі М.Абдраховтың есірткі қылмысына күдікті ретінде ұсталғанын хабарлайды. Ол бұрынғы жұбайына ара түсу ниетімен мәселенің мән-жайын анықтауға кіріскен.
Шамамен тамыздың 8-9 күндері ол полиция ғимаратында бұрынғы танысы Тұран аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Тілеуовпен кездейсоқ жолығып қалған. Ол танысынан бұрынғы күйеуіне көмек беруді сұранған. Тілеуов күдіктінің ісін Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігінен 1-бөлігіне ауыстыруға болатынын, бұл жазамен оның сотта шартты жаза алуы мүмкін екенін айтады. Полковник бұл қызметі үшін 10 миллион теңге сұраған. Бұл 5-6 млн теңге тауып бере алатынын білдірген. Тілеуов осы ақшаға келісіп, ақшаны 12 тамызда алып келу қажеттігін ескертеді. 12 тамызда кездесуге бұл диктафон ала барған. Кабинетте ол бастықпен және тергеу бөлімінің басшысымен айыпталушы Абдраховтың ісін талқылайды. Әңгіме барысында Тілеуов келісілген ақшаны 14 тамызда алып келу қажеттігін хабарлаған. Барлық әңгіме таспаға басылған. 13 тамызда Узбекова Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қалалық департаментіне Тілеуовтің өзінен пара сұрағаны жөнінде арызданады, арызға диктафонға басылған аудиожазбаның дискісін де қоса тіркеген.
Узбекованың осы әрекеті қисынға келмейтінін байқау қиын емес. Өйткені ол бұрынғы күйеуінің ісіне көмектесуді сұранып, Тілеуовке өзі өтініш жасаған. Ол жазаны жеңілдетуге уәде еткен (мұндай көмектің тегін болмайтыны айтпаса да белгілі ғой). Егер Тілеуов ақшаны алып, уәдесінде тұрмаса, әңгіме басқа. Ақшаны әлі бермей жатып, ҰҚК-ға арыздану ақылға сия ма?
14 тамызда ол өзі жинаған 6 млн теңгені ҰҚК қызметкерлеріне береді. Олар ақшаны қара түсті сөмкеге салған. 20 тамызда осы сөмкені Тілеуовке беру үшін Узбекова полиция басқармасына келеді. Алайда бастық ақшаны алуды қарамағындағы қызметкері – жедел уәкіл Қалдарбекке тапсырған көрінеді. Ол Узбекованы көлігімен «Айна» базарына дейін апарып тастайды. Қара сөмке көлікте қалған. Бұдан әрі бәрі түсінікті ғой. ҰҚК қызметкерлері Қалдарбекті ұстап, айғақтық зат – параны алған. Алайда осы жерде күтпеген жағдай болады. Оған аздан кейін тоқталамыз. «Парақорды ұстау» операциясының соңы Тілеуовтің қолына кісен салумен аяқталған. Бірақ…
Сот процесі басталған кезде Узбекова тергеудегі жауаптарынан бас тартып, ешкім күтпеген, мүлдем қарама-қайшы жауаптарды береді. Оның бұл жолғы әңгімесіне қарағанда, бұрынғы күйеуінің ұсталғанын естіген бойда «өзінің руласы, әрі ауылдасы» ҰҚК-да жұмыс істейтін Ж.Маханбетовке хабарласқан. Маханбетов оған диктафон беріп, Тілеуовпен арадағы әңгіменің бәрін жазып алу қажеттігін, ал экс-жұбайын үйқамаққа шығарып беретін айтқан (расында артынша Абдрахов үйқамаққа жіберілген). 9 тамызда Ж.Маханбетов оған Тілеуовті парамен ұстауға ықпал жасаған жағдайда бұрынғы күйеуін шартты жазамен шығарып бере алатынын білдіреді. Узбекованың сотта айтқан сөзіне сенсек, Маханбетов оған диктафон беріп, Тілеуовке жолығуды, ақша алуға көндіруді тапсырған көрінеді. Осы себепті ол 12 тамызда полиция басқармасына жазғыш құрылғымен барып, Тілеуовпен арадағы әңгімені таспаға басып алған. Узбекова тіпті 6 млн теңгені өзі емес, ҰҚК қызметкерлері тауып бергенін, Тілеуовтің үстінен арызды өздері жаздыртқанын, шын мәнінде полковниктің ешқандай ақша сұрамағанын, ал бұл барлық қағаздарға қол қоя бергенін, тергеу барысында берген жауаптары жалған жазылғанын және сол үшін өкініш білдіретінін айтқан. Әңгіменің соңында ол осы іс-әрекеті үшін ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері 980 000 теңге ақшалай сыйақы бергенін мәлім етеді (жалпы парақорларды әшкерелеушілерге сыйақы берілетіні бұған дейін де белгілі, бірақ марапаттау шараларының сот үкімі шықпай жатып жүргізілгені көп сұрақ туындатады).
Осыдан кейін Узбекованың қай сөзіне сенуге болады? Алғашқы нұсқада ҰҚК қызметкері Маханбетовтің аты-жөні мүлдем жоқ. 6 млн теңге ақшаның қайдан шыққаны екі жауапта екі түрлі келтірілген. Бірақ сот Узбекованың тергеу кезінде берген сөзін ғана назарға алған. Соттағы сөздеріне сенімсіздік білдірген. Ал, арызданушы сотта өтірік жауап берген болса, оған қандай негіздердің бары жабулы күйінде қалған.
Үкіммен танысып отырып, Узбекованың сотта басқаша жауап беруіне қатысты бір себепті байқауға болады. Оның сотта берген жауабынан байқасаңыз, Маханбетов оған бұрынғы күйеуінің ісін жеңілдетіп, оны шартты жазамен босатып беруге уәде еткен. Алайда ол уәдесінде тұрмаған. Былтыр қазанда Абдрахов 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Шамасы, уәдесінде тұрмаған соң Узбекова сотта шындықты айтуға бекінген болуы әбден мүмкін.
Алайда куәгерлердің бір-біріне қайшы келетін әрқилы жауаптар бергеніне қарамастан сот жасырын тергеу әрекеттері кезінде алынған материалдарға, олар бойынша берілген сот сараптамаларының қорытындысына сүйене отырып, Тілеуовті тағылған айып бойынша кінәлі деп тапты.
Айтпақшы, сот барысында судья бір емес үш бірдей жекеше қаулы шығарған. Оның біреуі ҰҚК-нің Шымкент қалалық департаментіне, Ж.Маханбетовтің тәртіптік мәселесін қарауға қатысты. Қаулыда сот процесі жүріп жатқан кезде ҰҚК жедел уәкілі Ж.Маханбетовтің «А.Узбекованың үйіне туыстарымен барып, оның келесі сот отырыстарында қалай жауап беретіні төңірегінде әңгімелесіп, 3 түрлі арыздарды жаздыртуға көндіріп, өзінің бұл әрекетін істі қарап жатқан судьяның тапсырмасы деп негіздегені» келтірілген. Сот үкімінде жазылғандай, Узбекова осы кездесудегі әңгімелерді жазып алғанға ұқсайды. Бірақ 53 минуттан тұратын аудиожазбада не айтылғаны жұмбақ күйінде қалған.
Енді осы жерде жоғалып кеткен 3 миллион теңгеге тоқталайық. Узбекова 6 миллион теңге параны көлікте қалдырып кеткен соң, жедел уәкіл Қалдарбекті ҰҚК қызметкерлері ұстауға кіріседі. Көліктің есігін тартқылап, жан-жақтан тап берген қызметкерлерден қорыққан жедел уәкіл көлікті жылдам айдап кетеді. Жолда ол Узбекова қалдырып кеткен сөмкені терезеден лақтырып жіберген. Ақыр соңында жедел уәкілді ҰҚК қызметкерлері тоқтатып, көлікте тінту шараларын жүргізген. Сөмке жоқ. Мәселенің мән-жайына қаныққан соң олар дереу ақша лақтырылған жерді барып қарайды.
Қарау барысында жыртылған қара түсті пакетке салынған 3 млн теңге табылған. Қалған 3 млн теңге ұшты-күйлі жоқ. Ол бойынша екі айдан кейін қылмыстық іс қозғалады. Бірақ ақша сол күйі табылмаған.
Бұл істің ең жұмбақ жері – полковник Нұржан Тілеуовтің өзі. Ол сотта тергеу кезінде берген жауаптарын қуаттамайтынын айтып, бірақ қайта жауап беруден бас тартқан. Ол өз шындығын айтудан неге бас тартты? Бәрібір ақтала алмайтынын білді ме? Әлде оны арандатты ма? Егер солай болса, ол кімге керек болды?
Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Апелляциялық алқаға шағым беріле ме? Егер шағым берілсе, Шымкент қалалық соты бұған қандай төрелік айтады?
Не де болса әліптің артын бағып көрейік.
«Рейтинг» газеті
oinet.kz