Талай облыс басшысы қызметінен кетуі мүмкін — депутат
Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен игі жақсылардың кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңірлердегі басқару тиімділігі, әлеуметтік-экономикалық ахуал және алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер талқыланды.
Отырыс барысында Президент облыс әкімдерінің жұмысына қатысты бірқатар сын-ескертпе айтып, халықпен тікелей байланыс орнату мен нақты нәтиже көрсетуге баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Бұл жиынға қатысты пікірін Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза білдірді.
«Әкім бол — халқыңа жақын бол деген сөз бар. Бүгінгі отырыста Мемлекет басшысы осы қағиданы нақты талап ретінде қойды. Мін де айтылды, сын да айтылды. Барлығы орынды. Президенттің уәжі мен ойын облыс әкімдері өздеріне түртіп алды деп ойлаймын», — деді депутат.
Оның айтуынша, алдағы 2026 жыл өңірлер үшін оңай болмайды.
«2026 жыл жеңіл жыл болмайтыны анық. Кейбір облыс басшылары үшін бұл жиын ескерту іспетті болды. Президенттің әр аймақта кім, қалай және қанша жұмыс істегенін нақты біліп отырғаны анық көрінді», — деп атап өтті Самат Нұртаза.
Сондай-ақ депутат Мемлекет басшысының алдағы күзде Қазақстан халқына Жолдауына дейін кадрлық өзгерістер болуы мүмкін екенін меңзегенін айтты.
«Мемлекет басшысы Жолдауға дейін ауыс-түйіс жасалуы мүмкін екенін аңғартты. Бұл — өңірлердегі жауапкершілікті күшейтетін маңызды сигнал», — деді ол.
Кеңейтілген отырыста өңірлерге алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер жүктеліп, басқару сапасына қойылатын талаптың күшейетіні айқын болды.
Фото: Ашық дереккөз