Тістер емес, істер сөйлесін
Депутат Ринат Зайытов Ата заңның тың нұсқасындағы мемлекеттік тілге қатысты өз пікірін білдірді.
Айтуынша, Конституцияның 9-шы бабының екінші тармағын асты-үстіне түсіріп талқылап тастаған қоғам Мәжіліс пен Ақорданың арасында арпалыс жүріп жатқанын біле бермейді.
«Тісін көрсеткеннен ісін көрсетуді жөн санайтын азаматтар комиссияға бірнеше нұсқада өз өтінішін беріп, әлгі 9-шы баптың екінші тармағының өзгеруіне қол жеткізді!
Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет.
Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!» – деп жазды ол.
Тақырыпқа тұздық ретінде депутат мынадай әңгімені мысалға келтірген екен:
Наполеон Бонапарттың бойы бір қарысқа жетпей тұрғанда, бір офицер келіп:
– Генерал, киіміңізді мен ілейін? Сізге қарағанда биіктеуімін ғой, – депті.
Сонда Наполеон:
– Сен биік емессің, ұзынсың, – деген екен.
«Ендеше мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана», – деп түйіндеді Зайытов тілге қатысты ойын.
Бұған дейін депутат Ерлан Сайыров дәл осы сарында сөйлеп, орыс тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірген еді.