Қысқы Олимпиада — 2026: Миланда салтанатты ашылу рәсімі өтті

0 29

Фото: ҰОК

Қысқы Олимпиада — 2026: Миланда салтанатты ашылу рәсімі өтті: 7 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
7 ақпанға қараған түні Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап.

Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионы ашылу салтанатының басты алаңына айналды. Сондай-ақ рәсім Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларындағы алаңдарды да қамтыды. Осылайша, бұл салтанат қысқы Олимпиада тарихындағы ең кең географиялық аумақта ұйымдастырылған шаралардың біріне айналды.

Салтанатты шара «Armonia» (Гармония) атты ортақ тұжырымдама аясында өтті. Бұл идея қала мен таулы кеңістіктің, әртүрлі мәдениеттің, дәуірлер мен Италияның және әлемнің көркемдік дәстүрлерінің үйлесімін бейнелейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Armonia – бұл құндылықтарды бейне, дыбыс және сезім арқылы жеткізе білу қабілеті. Бұл Италияның өнері мен шығармашылығын танытатын ерекше саяхат іспеттес.

Ашылу рәсімінің көркемдік бөлігі «Bellezza» (Сұлулық) көрінісімен басталды. Онда «Ла Скала» театр академиясының шамамен 70 бишісі тірі мүсіндер бейнесінде өнер көрсетті. Қойылым әйгілі мүсінші Антонио Канованың еңбектерінен шабыт алған үлкен барельефтің қалыптасуымен аяқталды.

Одан кейін «Fantasia» (Қиял) атты көрініс қойылды. Бұл қойылым италиялық қиял мен шығармашылық еркіндіктің символы болды. 240-тан астам әртіс түрлі түстерге бөлініп өнер көрсетті. Хореография мен көркем элементтер Италия мәдениетінің сан қырлы болмысын әсерлі түрде көрсетті.

Италия президенті Серджо Маттарелланың аренға келуінен кейінгі бөлім Италияның қала мен тауларды біріктіретін ел ретіндегі бейнесіне арналды. «Қала мен таулар» атты көркем қойылымға 150-ден астам әртіс, әуе гимнастары қатысып, сахналық құрылымдар тартылды. Олимпиадалық сақиналар біртұтас композицияға айналып, үйлесім мен бірліктің символын бейнеледі.

Спортшылар шеруі таратылған форматта өтіп, салтанаттың ең маңызды сәттерінің біріне айналды. Делегациялар Милан, Ливиньо, Предаццо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында кезекпен шықты. Қазақстан құрамасының туын Миланда – Денис Никиша, Ливиньода – Аяулым Әмренова көтеріп шықты. Сондай-ақ қазақстандық спортшылар Предаццо қаласындағы шеруге де қатысты.

Салтанаттың тарихи бөлімі «Time Travel» (Уақытқа саяхат) атты қойылыммен жалғасты. Музыкалық-театрландырылған спектакль кәсіби әртістер мен музыканттарды біріктіріп, барлық қатысушының  ортақ сахнаға шығуымен аяқталды. Одан кейін «Gesti Italiani» көрінісі көрсетілді. Бұл қойылымда ым-ишара тілі мен экрандағы визуалдық аудармалар арқылы италиялық мінез, темперамент пен қонақжайлық бейнеленді.

Рәсім барысында 2025 жылы өмірден өткен әйгілі сәнгер Джорджо Арманиге арналған еске алу бөліміне де ерекше орын берілді. Оның Emporio Armani (EA7) бренді ұзақ жылдар бойы Италияның Олимпиада және Паралимпиада құрамаларына спорттық киім әзірлеп келген.

Салтанатты рәсімнің музыкалық сүйемелдеуін әлемдік және италиялық сахна жұлдыздары қамтамасыз етті. Олардың қатарында Мэрайя Кэри, әйгілі италиялық тенор Андреа Бочелли, әнші Лаура Паузини, қытайлық пианист-виртуоз Лан Лан және басқа да өнерпаздар болды. Ашылу салтанатының креативті директоры – Марко Билич.

Ресми бөлімде Италия президенті Серджо Маттарелла, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри, 2026 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің президенті Джованни Малаго сөз сөйледі.

«2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қош келдіңіздер! Қазір сіздердің қандай күйде екендеріңізді жақсы түсінемін. Бұл – қуаныш пен толқыныс қатар келіп тұрған сәт. Өмірлеріңіздегі тынымсыз еңбек, таңсәріден басталған жаттығулар, ұзақ күндер, талай құрбандық пен сәтсіздік – бәрі осы бір сәтке жетеледі. Бір сәтте: «Міне, жеттім. Мен мұны орындадым» деп сезінетін кез туады.

Ең алдымен, өздеріңізбен мақтаныңыздар. Жүріп өткен жолдарыңызбен мақтаныңыздар. Алдағы екі аптада сіздер бізге ұмытылмас сәттер сыйлайсыздар. Сіздер адам болудың мәнін көрсетесіздер: армандай білуді, қиындықты жеңуді, бір-біріне құрметпен қарап, қамқор болуды паш етесіздер.

Ал Италияда және әлемнің түкпір-түкпірінен осы сәтті бізбен бірге бөлісіп отырған барша көрерменге шын жүректен алғыс айтамын. Олимпиада ойындарының ғажайып күшіне сенгендеріңіз үшін рақмет.

Олимпиада рухы — бұл тек спорт емес. Бұл – барлығымызға ортақ оқиға, бізді адам ететін құндылықтар жайлы әңгіме. Біздің шынайы қуатымыз — бір-бірімізге деген жанашырлығымызда. Қай елден келсек те, осы рух бәрімізге таныс. Мен оны дәл осы Олимпиадада айқын сезінемін.

Осы ойындар бізді біріктіретін, адамдық болмысымызды айқындайтын құндылықтардың мерекесіне айналсын. Олимпиаданың нағыз сиқыры да осында – бәрімізді бір арнаға біріктіріп, өзіміздің ең мықты жағымызды паш етуге жетелеуінде», — деді Кирсти Ковентри.

ХОК президентінің сөзінен кейін Италия президенті Серджо Маттарелла 2026 жылғы Олимпиада ойындарын ашық деп жариялады. Салтанатты шараның соңғы көркем көріністерінің бірі – актриса Шарлиз Терон қатысқан «Әлем көгершіні» нөмірі болды.

Сонымен қатар Олимпиадалық ант қабылданып, салтанаттың шарықтау шегі ретінде қала мен таулы аймақта орналасқан екі Олимпиадалық шырақ жағылды. Екі алау Милан мен Альпінің, қала мен табиғаттың, дәстүр мен болашақтың арасындағы байланысты бейнеледі.

Милан қаласында басты алау ұстаушылар ретінде тау шаңғы спортының аңыз чемпиондары Дебора Компаньони мен Альберто Томба қатысты. Ал Кортина қаласында алауды тау шаңғысынан Олимпиада чемпионы София Годжа тұтандырды.

Айта кетейік, 2026 жылғы Олимпиадада 36 қазақстандық спортшы 10 спорт түрінен ел намысын қорғайды. Отандастарымыздың алғашқы жарыстары 7 ақпанда басталады.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/275821-qysqy-olimpiada-2026-italiiada-saltanatty-asylu-rasimi-otti

Leave A Reply

Your email address will not be published.