Экологияны цифрландыруға үлес қосқан ғалым
Экологияны цифрландыруға үлес қосқан ғалым: 6 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Танымал биолог-эколог ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Заядан Болатхан мырзамен биоинженерия, биоэкология және ЖИ-дің ғалымдағы орны, әлемдегі және еліміздегі ғылыми тенденциялар туралы әңгімелескен едік.
– Болатхан Қазыханұлы, әңгімемізді ғылымдағы өмір жолыңыздан бастасақ. Биология ғылымына не жетеледі?
– Ғылымға келуім бір күндік шешімнің нәтижесі емес, тұтас өмірлік қалыптасудың жемісі деп айтар едім. Мен қаймағы бұзылмаған, Алтай тауларының бауырайында дүниеге келіп, балалық шағымда сол өлкенің мөлдір суларымен сусындап, биік құздары мен қыр жоталарында мекендеген аң-құстарымен танысып, түрлы-түсті өсімдік жамылғысымен сәнденген табиғатына тамсанып өстім. Табиғатпен етене өскен баланы тірі ағзалардың өзара байланысы, өсімдіктер мен микроағзалардың тіршілігі еріксіз қызықтырады. Әкем химия және биология пәнінің мұғалімі болған адам. Үйде ғылым туралы әңгіме үзілмейтін. Сол себепті табиғатты бақылау, салыстыру, сұрақ қою мен үшін әдетке айналды. Кейін Ұланбатыр, Мәскеу және Санкт-Петербург университеттері мен ғылыми орталықтарында білімімді жетілдіруім осы қызығушылықты кәсіби деңгейге көтерді. Ал тәуелсіздік жылдары елге оралған соң ғылымды отанымның игілігіне жұмсау деген азаматтық таңдауым болды.
– Бүгінде әлем «жасанды интеллект дәуіріне» қадам басты. Сіздің ойыңызша, бұл экологиялық биоинженерия саласын қалай өзгертті?
– Жасанды интеллект экологиялық биоинженерияны жаңа сапалық деңгейге шығарды. Бұрын экологиялық жүйелерді зерттеу ұзақ жылдарға созылатын бақылауларға негізделсе, бүгінде біз үлкен деректерді талдау арқылы табиғи процестерді әлдеқайда жылдам әрі дәл болжай аламыз. Мысалы, су экожүйелеріндегі ластану деңгейін, микробалдырлардың өсу қарқынын немесе биоремедиацияның тиімділігін жасанды интеллект көмегімен модельдеу мүмкіндігі туды. Бұл тек ғылыми қызығушылық қана емес, нақты практикалық шешім. ЖИ экологияны басқару құралына айналып отыр. Сондықтан қазіргі экологиялық биоинженерия бұл биология мен цифрлық технологиялардың синтезі. Қазақстан үшін бұл уақыт талабына сай, кешіктірмей қолға алынуы тиісті бағыт. Сонықтан біз осы 12-ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі экологиялық биоинженерияның аспектілері мен инновациялары» атты халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстел ұйымдастырып жатырмыз.
– Бұл басқосуда қандай өзекті мәселелер талқыланады?
– Бұл дөңгелек үстел бүгінгі ғылымдағы ең өзекті бағыттардың тоғысқан алаңы болады деп сенемін. Біріншіден, дөңгелек үстелде жасанды интеллекттің экология мен биоинженериядағы рөлі жан-жақты талқыланады. Атап айтқанда, су және агроэкожүйелерді модельдеу, табиғи апаттардың алдын алу, аймақтардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қаралады. Екіншіден, микробалдырлар, цианобактериялар негізінде биотыңайтқыштар, биопестицидтер, биосутегі, биодизель және тағам тазалығы, аулышаруашылығы мен медицинаға арналған экологиялық таза биологиялық препараттарды алу жаңа технологиялары бойынша соңғы ғылыми нәтижелер ұсынылады. Үшіншіден, жасанды интеллектіні пайдалана отырып, биологиялық процестерді оңтайландыру, антибиотиктерге төзімділікпен күрес, синтетикалық микробты жүйелерді әзірлеу сияқты инновациялық бағыттар кеңінен талданады. Бұл дөңгелек үстелдің басты мақсаты халықаралық тәжірибені отандық ғылыммен ұштастырып, Қазақстандағы экологиялық биоинженерияны цифрлық және жасанды интеллект дәуіріне бейімдеу. Сонымен қатар, жас ғалымдар мен өндіріс өкілдері үшін нақты ғылыми-тәжірибелік бағыт-бағдар беру де көзделіп отыр.
– Сіздің биоинженерия саласындағы жетістіктеріңізге орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырып отырған халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелге шет елден қандай ғалымдар қатысады
– Бізде ұйымдастырылып отырған халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелге бұрыннан экологиялық биоиженерия, биоэнергетика, биотехнология және биофизика, биомедицина, биоинформатика саласында бірге ғылыми зерттеулер жүргізіп келе жатқан шет елдің белгілі ғалымдары пленарлық баяндамалар жасайды. Дөнгелек үстел онлайн және офлайн форматта өтеді.
Айталық, Жапонияның Токио ғылым университетінің Фотосинтез зерттеу лаборатриясының жетекшісі, профессор, доктор Тацуя Томо «Циобактерияларден биосутегін алудыдың болашағы» туралы ойын айтса, ҚХР Тяньцзинь қаласының Тяньцзинь өндірістік биотехнология институтының профессоры, Өнеркәсіптік биожүйелер мен процестерді жобалау бас лабораториясының директоры, профессор Чжиюн Хуан «Биотыңайтқыштар мен биопестицидтерді алу және қолдану» мәселерін көтерсе, Чех Республикасы Ғылым академиясының Микробиология институты, Algatech орталығының Микробалдырлар биотехнологиясы лабораториясының меңгерушісі, профессор, доктор Йиржи Масойидек «Микробалдырларды жалпылай өсіріп экологиялық таза биологиялық белсенді заттарды алу» туралы баяндайды. Сонымен қатар Түркия Стамбул қаласы, Йылдыз техникалық университеті биоинженерия кафедрасының профессоры, доктор Дидем Озчимен, Ресей ғылым академиясының Н.И. Вавилов атындағы Жалпы генетика институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, биология ғылымдарының докторы Абылев Серікбай Кәрімұлы, Әзірбайжан астанасынан Одлар Юрду университеті Биология және экология кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Рамазан Маммадов, Пәкістан Республикасы Тұрақты даму үшін ғылым және технология жөніндегі Оңтүстік комиссиясы басқарушы директоры (ТДҒТҚО), PhD, Хума Балуч сияқты әлемдік танымал ғалымдар Жасанды интеллект дәуіріндегі экологиялық биоинженерияны өркендетудің перспективалары туралы тезис ретінде информациялар беру жоспарланып отыр.
Бұл халықаралық дөнгелек үстелге елімізден осы бағыттағы танымал ғалымдары баяндама жасайды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Амангелді Бисенбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі — Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор, PhD, қауымдастырылған профессор Марғұлан Ибраимов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Медеу Әбішев және К. Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты Химиялық және биохимиялық инженерия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Бекжан Қосалбаев сияқты Қазақстанға белгілі ғалымдар «Жасанды интеллект дәуіріндегі экологиялық биоинженерия: Қазақстан ғылымының стратегиялық бағыты» бойынша пленарлық баяндамалар жасайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Ғалым ретінде бұл идеяға көзқарасыңыз қандай?
– Мемлекет басшысының «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы Қазақстанның даму бағытын дәл айқындаған стратегиялық әрі уақыт талабына толық сай шешім деп санаймын. Бұл тек технологиялық жаңғыру емес, ең алдымен ғылым мен білімге, интеллектуалдық әлеуетке жасалған нақты инвестиция. Ғалым ретінде мен бұл бастаманы үлкен үмітпен қабылдадым. Себебі жасанды интеллект бүгінгі таңда экология, биоинженерия, медицина, биоэнергетика сияқты маңызды салаларда түбегейлі өзгерістер әкеліп отыр. Қазақстан үшін бұл табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және «жасыл экономикаға» көшуге берілген тарихи мүмкіндік. Егер біз жасанды интеллектті тек IT шеңберінде емес, экологиялық биоинженериямен ұштастыра алсақ, онда еліміз ғылыми тұрғыдан жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деп сенемін.
– Елімізде жасанды интеллект пен экологиялық биоинженерияның қандай нақты бағыттары басым болуы тиіс деп ойлайсыз?
– Қазақстанның табиғи-географиялық ерекшеліктерін ескерсек, ең алдымен су ресурстары мәселесі алдыңғы қатарда тұруы керек. Бізде су тапшылығы, өзен-көлдердің экологиялық жағдайы өзекті. Жасанды интеллект арқылы су экожүйелерінің цифрлық модельдерін жасап, өзгерістерді алдын ала болжауға болады. Екінші маңызды бағыт – микробалдырлар мен цианобактерияларды қолдану. Олар суды тазалайды, көмірқышқыл газын сіңіреді және биоотын өндіруге мүмкіндік береді. Үшінші бағыт – өнеркәсіптік аймақтарды биологиялық жолмен қалпына келтіру. Мұнда жасанды интеллект ластанудың деңгейін, тазалау сценарийлерін есептеп, ең тиімді жолды ұсынады. Бұл бағыттар Қазақстанның «жасыл экономика» стратегиясымен толық үйлеседі.
– Сіздің бастамаңызбен құрылған фототрофты микроорганизмдер коллекциясы мен «AlgaBioTech» халықаралық ғылыми зерттеу орталығындағы жобалар осы үрдістің нақты көрінісі деп айтуға болар. Бұл жобалардың маңызы қандай?
– Әлбетте, бұл жобалар теорияның практикаға айналғанының айқын дәлелі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында құрылған микробалдырлар мен цианобактериялар коллекциясы отандық биотехнология үшін стратегиялық ресурс. Сонымен бірге, EXPO-2017 аясында фотобиореакторларда микробалдырларды жаппай өсіріп, биомассадан биодизель алудың технологиясын таныстырып, көрмеген келгендерге өз тәжірибемізді көрсеттік. Бұл жерде экология, энергетика және цифрлық бақылау бір арнаға тоғысты. Қазір біз «AlgaBioTech» халықаралық ғылыми зерттеу орталығында осы тәжірибені одан әрі дамытып, биосутегі өндіру технологиясына басымдық беріп отырмыз. Себебі биосутегі экологиялық таза, жаңартылатын энергия көзі. Мұнда да жасанды интеллект фототрофты микроорганизмдер штамдарды іріктеу мен технологияны оңтайландыруда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі күні біздің орталықта Фототрофты микроорганизмдердің құнды штамдарының республикалық коллекциясы биобанксының электрондық каталогы мен веб-сайты жасалып жатыр.
Жалпы ластанған су және топырақ экожүйелерін қалпына келтіруде тек микроорганизмдер немесе өсімдіктерді ғана пайдалануға болады, бірақ оларды жеке дара пайдалану эффектісі баяу жүреді. Сондықтан микоорганизмдер, микробалдыр, өсімдіктер мен жәндіктер консорциумынан құралған жасанды жаңа экологиялық жүйені құрастырып, сондағы процестерді жасанды интелекті тәсілдерін пайдалана отырып, бақылап, бағалайтын экологиялық биоинженеринг және жасанды интелекті бірлескен жүйесін құрастыру бүгінгі күннің маңызды мәселерінің бірі деп санаймын.
– Сіз ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп келесіз. Қазіргі жас зерттеушіге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазіргі заманның жас ғалымдары бір саламен шектелмеуі керек. Бүгінгі биолог немесе эколог деректерді талдауды, жасанды интеллекттің негіздерін, цифрлық құралдарды меңгеруі тиіс. Ғылым пәнаралық сипат алды. Мен шәкірттеріме әрдайым: «Болашақ өзекті ғылымдардың бірі экологиялық биоинженерия» деп айтамын. Сонымен қатар жас ғалымда отанға қызмет ету деген ұстаным болуы керек. Ғылым тек мәнсап емес, жауапкершілік және озық ой технологиялардың негізі болуы қажет. Егер осы қағидаларды алға қойып түсінсе, оның ғылымдағы еңбегі де, алға қойған мақстаттары да нәтижелі болады.
– Әңгімемізді қорытындыласақ, жасанды интеллект дәуіріндегі экологиялық биоинженерия Қазақстанға қандай болашақ сыйлайды?
– Бұл бағыт ең алдымен Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор ықпал етеді. Су, топырақ, ауа ресурстарын ғылыми негізде басқаруға кең мүмкіндік ашады. Сонымен қатар энергетикалық тәуелсіздікке жол салады. Биосутегі, биоотын сияты сарқылмайтын энергия көздерін биологиялық жолмен алу – болашақтың кепілі. Ең бастысы, бұл сала жас ұрпаққа сенім ұялатады. Ғылым мен технологияға сүйенген ел ғана тұрақты дамуға қол жеткізеді. Мен Қазақстан ғылымының осы жолмен нық қадам басатынына сенемін.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/275779-ekologiiany-cifrlandyrgan-galym