«ЦОН» мобильді қосымшасында автокөлік нөміріне онлайн тапсырыс беруге болады
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы «ЦОН» мобильді қосымшасында жаңа цифрлық қызмет іске қосылғанын хабарлады. Енді қазақстандықтар автокөлікке арналған мемлекеттік нөмірді онлайн таңдап, тапсырыс бере алады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің түрлері кеңейді. Азаматтардың «әдемі» нөмірлерге деген қызығушылығының артуына және көлік тіркеу барысында нөмірлік белгіні таңдауға деген қажеттіліктердің туындауына байланысты бұл тізімде «қалаулы» нөмірлер немесе бірінші және соңғы сандары бірдей «айна» нөмірлер де бар.
Осыған байланысты қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында автокөлік нөмірлерін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы қашықтан таңдау және тапсырыс беру мүмкіндігі іске асырылды. Жаңа цифрлық қызмет МХҚКО-ларға жеке бармай-ақ, мемлекеттік нөмірге онлайн өтінім беру мүмкіндігін ұсынады.
Өтінімді рәсімдеу толықтай онлайн форматта жүзеге асырылады және бірнеше минутты ғана алады. Қолданушы «ЦОН» мобильді қосымшасына кіріп, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік нөмірге тапсырыс беру» қызметін таңдайды. Одан кейін қалаған сериясы мен нөмір комбинациясын енгізеді. Өңір автоматты түрде азаматтың тіркелген мекенжайына сәйкес анықталады.
Нөмірлік белгі бос болған жағдайда өтінім беруші төлем жасап, дайын нөмірлік белгіні алу үшін ыңғайлы бөлімшені таңдай алады. Таңдалған нөмір бос емес болса, жүйе бұл туралы хабарлап, басқа нұсқаны енгізуді ұсынады.
Қызмет Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған. Бұл таңдалған мемлекеттік нөмірдің бос немесе бос еместігін бірден тексеруге мүмкіндік береді. Жүйе енгізілген нөмір комбинациясының мәртебесін автоматты түрде көрсетеді.
Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін онлайн тапсырыс беру қызметінің іске қосылуы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі жоспарлы жұмыстың бір бөлігі болып табылады және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін, ашықтығын және тиімділігін арттыруға бағытталған.