Қарттарын қадірлеген ел — қазыналы ел
Меркідегі “Белсенді ұзақ өмір орталығы” 2024 жылы 1 қазан — Халықаралық қарттар күнінде ашылған. Міндеті — ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету, олардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоғам өміріне белсенді тарту, өмірге деген құлшынысты ояту, жалғыздық пен дәрменсіздікке жол бермеу.

Орталықта күнделікті екі аусымда 60 адам қабылдайды. Онда 23 штаттық бірлік бойынша өз ісінің шеберлері 24 түрлі қызмет түрін көрсетіп, ардагерлерге жан- жақты қолдау білдіруде.

Әлеуметтік сауықтыру, медициналық, психологиялық және еңбек- шығармашылық бағыттары бойынша қызмет көрсетіледі.
Бүгін жол болып, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде облыста бірінші болып Меркіде ашылған “Белсенді ұзақ өмір орталығында” болып, қызығын көріп жатқан көптеген зейнеткер- ардагерлерді кездестірдім, көбісі әйелдер екен. Бәрінің көңілі көтеріңкі, көздерінде от, қимылдарында қуат, сөздерінде нәр, өмірге деген құштарлықты байқадым.

“Бұл жерде емдік иога, скандинавиялық серуен, денешынықтыру жаттығулары, фито шай, психологиялық, медициналық көмек, емдік массаж, тренажёрларда жаттығу, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, стол теннисі, тіпті ән- би, вокал мен хор, сәндік- қолданбалы өнер, қыш- құмыра жасау үйірмелері жұмыс атқарады”
деді орталықтың директоры Алмабаев Қалдыбай Сәтінұлы.

Ардагерлер иога, би- гимнастика нұсқаушысы Гүлім Орымбекованың, денешынықтыру — Бақытжан Амребай дың, психолог Мереке Қорабаеваның, медбике Эльвира Кокталованың және қыш- құмыра қолөнер шебері Саадат Құдайбергеннің жұмыстарына риза екендерін айтты.
Орталықтың ардагерлері көптеген қоғамдық іс- шараларға белсенді қатысады екен, әсіресе атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелерге арналған.
Нәтижесінде зейнеткер- ардагерлердің әлеуметтік, мәдени және рухани өмірін жандандыруға оң ықпал еткені анық.
Меркі аудандық “Белсенді ұзақ өмір орталығы” мекемесінің жұмысына риза болып, оның жұмысы басқа аудандарға үлгі болады деген ойдамын.