Ардагерлер рухына арналды
Ауданда білім бөлімін әр жылдары тәжірибесі мол, білімді, ұйымдастырушылық қабілеттері зор мамандар басқарды. Елдің өркениеттілігі баланың алған біліміне байланысты. Бұл жолда Шәйбек Шоңов, Әбдіразақ Шымыров, Бердібек Белгібаев, Асқар Қуаныш, Асан Оразымбетов сынды азаматтардың сіңірген еңбегі аз емес.

Бұл азаматтардың қай — қайсы болмасын білім саласының өркендеуіне, ауданымыздың әлеуметтік — экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты.
Дене шынықтыру — суықтыру кешені мен А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның спорт залында өткен мектеп директорлары арасындағы облыстық турнир аты аталған азаматтарды еске алуға арналды. Бұдан бұрын Қордай ауданында өткізілген турнирде Талас ауданы жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Кезекті жарыс аудандық білім бөлімі, білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті және ардагер ұстаздар кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Бәсі жоғары бәсекеге Т.Рысқұлов, Шу, Сарысу, Жуалы, Қордай, Жамбыл, Байзақ, Меркі, Талас ауданымен қатар Тараз қаласы қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Әсем Әбдіразақова, аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің төрағасы Ілес Нұрұлы, ардагер ұстаздар Төребек Есдәулетов пен Тәжібай Асқаров, білім бөлімін басқарған азаматтардың ұрпақтары мен бауырлары Абзал Шәйбеков және Құрманғазы Белгібайұлы сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
«Соқыр жеребе» жерлестерімізді азулы командалармен түйістірді. Таластықтар үшін Т.Рысқұлов командасымен алғашқы ойын оңай болған жоқ. Алаңдағы ойын өте тартысты жағдайда өрбіді. Алайда бұл кездесуде таластықтар Т.Рысқұлов ауданына жол берді.
Әлі де мүмкіндігін жоғалтпаған жерлестеріміздің жолы Сарысу ауданы командасымен түйісті. Бұл маңызды кездесуде таластықтар айқын басымдық көрсетті. Алайда топтық кездесуде Шу ауданына жол беріп, ақтық сынға берілетін жолдама бұйырмады.
Жарыс қорытындысы бойынша 1-орын Тараз қаласына бұйырса, 2-орынды Т.Рысқұлов ауданы иеленді. Қола медаль Шу және Жамбыл ауданынан келген командаларға бұйырды.
Жалпы аталмыш жарысқа қатысқан команда өкілдері бәсекенің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, өз ризашылықтарын жеткізді.