Абай ауданының Қарауыл ауылында пәтер кілттері табысталды
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, тұрғын үй құрылысының барысымен танысты.


Облыс әкімі баспаналы болған тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
«Шыңғыстау атырабы – қазақ рухының қайнар көзі, қара өлеңнің төрі. Жидебайдай қасиетті мекенімен күллі елге қастерлі өлке. Өткен мен бүгінді, тарих пен тағдырды жалғаған қасиетті өңір. Осындай киелі топырақта бүгін ел үшін елеулі, халық үшін қуанышты сәтке арнайы жиналып отырмыз. Бірнеше өңір тұрғыны бүгін баспана тойын тойламақ. 7 отбасы баспаналы болғалы тұр. Бір айта кетерлігі, бұл – биылғы жылдың Абай ауданындағы алғашқы баспана қуанышы. Бұл үрдіс жыл соңына дейін жалғасады. Ауданда 40-тан астам тұрғын үйлі болады. Бұл – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Абай облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Бүгін табысталатын әрбір баспана – бір отбасының жаңа өмірге жасаған қадамы, балалардың болашағына жол ашқан игі бастама», – деді аймақ басшысы.

Баспаналы болған тұрғындар ризашылықтарын жеткізді.
«Жаңа баспанаға қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз. Халықтың жағдайын жасап, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғыс айтамыз», – деді Қарауыл ауылының тұрғыны Қарлығаш Бақытбекқызы.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ