Семейде 100 орындық медициналық-әлеуметтік мекеме ашылды
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Ерлан Абаев қатысты.

Аймақ басшысы жаңа нысанның әлеуметтік маңызына тоқталып, бұл мекеме ерекше күтімді қажет ететін азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді» деп әлеуметтік саланың маңызын айрықша атап өткен болатын.

Жаңа ғимаратты пайдалануға беру халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына толық сәйкес, бір адамға 5 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй алаңымен қызмет алушыларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша корпус санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қызмет алушылардың тұруы үшін де, орталық персоналының жұмысы үшін де неғұрлым қолайлы жағдайлар жасайды, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырады. Облысымызда қайтарылған активтер есебінен 25 нысанның құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда үшеуінің құрылысы аяқталды. 22 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жалпы 22 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Осы игі іспен айналысқан прокуратура, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне Абай облысы жұртшылығы атынан алғысымызды білдіреміз», – деді облыс әкімі.
Нысан іске қосылғаннан кейін жаңа жұмыс орындары ашылып, өңірдегі әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға сапалы қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша мұндай қызметке 101 адам кезекте тұр.
