«Балалар чемпион болуы керек» – Құлсарыдағы бокс жаттықтырушысының әрекеті жұртты тәнті етті
Құлсары қаласындағы бокс залында түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Кадрдан балалардың жаттығумен айналысып жатқанын, ал олардың жаттықтырушысы сол сәтте залдың еденін жуып жүргенін көруге болады.
Видеоны түсірген азамат жаттықтырушыдан «Неге өзіңіз жинастырып жүрсіз?» деп сұрағанда:
–Зал таза болуы керек.
Ал «Неге тазалықшы жалдамайсыз?» деген сұрағына:
–Оған қаражат жоқ,– деген жауап алады.
Кейін бапкер әжетхананыда өзі ретке келтіреді.«Мүмкін балалар жинастырсын?» деген сұраққа ол қысқа да нұсқа жауап берген:
— Балалар жаттығуы керек. Чемпион болып өсуі керек.
Желі қолданушылары бұл көріністі нағыз ұстазға тән іс деп бағалап, жаттықтырушының қарапайымдылығы мен балаға деген шынайы жанашырлығына ризашылықтарын білдіруде.