ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

0 25
Мырзатай ауылында қоғамдық өмір үшін айрықша мәнге ие тағылымды шара жүзеге асты. Округтегі аналар алқасының төрайымы Ұланбике Сейдуалиеваның ұйытқы болуымен аналар алқасының орталығы ашылып, ауыл тұрғындары үшін рухани-мәдени бағыттағы жаңа кеңістік өз жұмысын бастады. Сонымен қатар, аталған шара аясында аналар алқасының жылдық есеп беру кеші өтіп, атқарылған жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды. Бұл бастама-ұлттық тәрбиені жаңғыртуға, отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған игілікті қадамдардың бірі.
Салтанатты рәсімге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова, Мырзатай ауылдық округінің әкімі Асхат Оспаналиев, Мырзатай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әлімбаев пен ауыл тұрғындары жиынға куә болды. Қонақтар аналар институтының қоғамдағы маңызын атап өтіп, жаңа орталықтың ел бірлігін арттыруға қосар үлесіне тоқталды.
Жаңадан бой көтерген орталықтың ішкі безендірілуі ұлттық рухты айқын сезіндіреді. Қазақ халқының тұрмыс-салтынан сыр шертетін көне бұйымдар, көркем ою-өрнектер, шағын киіз үй макеті – барлығы да ата-бабадан қалған асыл мұраны дәріптеуге бағытталған. Әрбір жәдігер аналар алқасының ықыласы мен талғамын, тиянақты еңбегін танытады.
Рәсім барысында Б.Омарұлы мен И.Спаналиева орталықтың лентасын қиып, оның ресми түрде ашылғанын жария етті. Алғашқы сөз ауыл басшысы Асхат Оспаналиевке беріліп, ол аналар алқасының қоғамдағы белсенділігіне жоғары баға берді. Кейін Индира Абилханқызы мен Шырын Мамашайқызы аналар алқасының есеп беру кеші барысында атқарылған жұмыстарға тоқталып, ізгі ниеттерін білдіріп, аналар қауымына құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар табыстады.
Шараның қорытынды бөлігі мерекелік концертке ұласып, сахна төрінде әсем әуендер шырқалып, ұлттық билер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер арқылы рухани үндестік орнап, салтанаттың мәні одан әрі тереңдей түсті.
Аналар алқасының орталығы алдағы уақытта тәлім мен тәрбие, ақыл мен парасат тоғысатын, ұрпақтар сабақтастығын бекемдейтін маңызды ортаға айналмақ. Болашақта орталықтың ауылдың рухани дамуына тың серпін беріп, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға қызмет ететін игі бастамалардың бірі ретінде өз орнын айқындайтыны анық.

Обновлено 27.01.2026 11:12
Leave A Reply

Your email address will not be published.