Халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау – мемлекеттің басты басымдығы
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерді алушылардың ондағы кейбір өнімдердің сапасына қатысты шағымдары жиілеп кетті. Әлеуметтік қызметтерге қатысты да арыздар аз емес. Бұл мәселелердің барлығы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте жан-жақты сараланды.
Өткен жылы республика аумағында «Кепілдендірілген әлеуметтік пакет» тұжырымдамасы пайда болды. Ол АӘК алатын отбасылардың балаларына беріледі десек, оған азық-түлік пен тұрмыстық химиялық заттар енеді.
— Неге екені, бұл пакеттер облыс орталығында емес, Шымкентте жасақталуда. Өнімдерді аудандарға жеткізуге біраз уақыт кететіні белгілі, яғни, олардың бұзылуына қатысты шағымдар орынды. Бізге жергілікті супермаркеттермен жұмыс жүргізіп, олармен келісімшарттар жасасу қажет. Бізде ынтымақтасуға дайын кәсіпкерлердің табылатынына сенімдімін, — деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар, облыс әкімі тез бұзылатын тауарларды азық-түлік тізімінен шығару қажеттігін атап өтті.
— Өнімдерді тасымалдау, буып-түю және жеткізу кезінде сүт, айран секілді тағамдар бұзылуы мүмкін. Бәлкім оларды басқа тағамдармен алмастырғанымыз жөн шығар»,-деді ол.
Жалпы биыл бір жастан алты жасқа дейінгі 26720 бала осындай пакеттермен қамтамасыз етілмек. Бұл мақсатқа 1,9 миллиард теңге бөлінген.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 95 мыңнан астам жамбылдыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 9,9 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек алуға 10,5 мың жамбылдық отбасы өтініш берген, оның ішінде 2,3 мың отбасына АӘК тағайындаудан бас тартылған. Қалғандарына жалпы сомасы 949,5 миллион теңге төлем жасалды.
— Біз 6635 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасастық, бұл дегеніміз 36799 адам. 1174 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды, оның 224-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, 321 адам ақылы қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға тартылды, 629 адам бизнес — идеяларды іске асыруға 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттарға ие болды, — деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.
Ол сондай-ақ, ағымдағы жылға арналған жоспарға сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған еңбекке қабілетті АӘК алушылардың үлесі 75,5 пайызды құрауы тиіс екенін атап өтті. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 60,8 пайызға тең болып тұр. Жыл соңына дейін жоспар орындалады деп көзделуде.
Сондай-ақ, Жорабек Баубеков 1 сәуірден бастап АӘК алуға өтінімді электронды үкімет сайтында онлайн беруге болатынын жеткізді. Айталық, 13 сәуірдегі жағдай бойынша жамбылдықтардан 3927 өтініш келіп түссе, бұл 47,4 пайызды құрайды. Жуалы және Мойынқұм аудандарында бұл көрсеткіш орташа деңгейден төмен, яғни 30,1 пайыз және 34,8 пайызға айналған.
Облыс әкімі халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау әрқашан мемлекет жұмысындағы басты басымдық болып қала беретінін баса айтып өтті.
— Бұл өте маңызды мәселе. Оның шешіміне кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы да атсалысуы тиіс. Аз қамтылған отбасылар бизнесін дамытуға гранттар алуда басымдыққа ие болуға, қандай да бір кәсіпорындарда ашылатын жұмыс орындарынан алғашқылардың бірі ретінде хабардар болуы керек. «Бақытты отбасы» орталығында АӘК алушы-отбасылармен кездесулер ұйымдастырылуы қажет. Әлеуметтік қызметтер олармен тығыз байланыста болып, туындаған мәселелерді жедел шешуі тиіс, — деді Бердібек Сапарбаев.