Қазақстандықтарға сапасыз байланыс пен интернет үшін төленген қаражат қайтарылды
Талдықорған қалалық сотының 2026 жылғы 13 қаңтардағы ұйғарымымен облыстың бір ауданында тұратын азаматтардың ұжымдық шағымы негізінде қозғалған резонансты іс аяқталды.
Сот барысында тұтынушылар ұзақ уақыт бойы еліміздегі ірі байланыс операторларының бірінің «отбасылық тарифі» бойынша ұялы байланыс пен мобильді интернет қызметі үшін тұрақты түрде ақы төлеп келгені анықталған. Сонымен қатар, келісімшарт аясында смартфондар да сатып алынған.
Ай сайынғы абоненттік төлем мөлшері 11 670 теңгеден жоғары болған.
Алайда 2025 жылғы 10 қазан мен 19 қараша аралығында, яғни 41 күн бойы, байланыс пен интернет қызметі тиісті деңгейде көрсетілмеген.
- байланыс тұрақсыз болған,
- интернет желісіне қолжетімділік іс жүзінде болмаған.
Соған қарамастан оператор абоненттік төлемді толық көлемде алуды жалғастырған. Бұл жағдай келісімшарт міндеттемелерінің орындалмағанын көрсетеді.
Сапасыз байланыс тұрғындарға елеулі қиындық тудырған:
- ересектер мемлекеттік органдар мен жедел қызметтерге хабарласа алмаған;
- оқушылар 41 күн бойы үй тапсырмаларын толық орындау және қашықтан оқуға қатысу мүмкіндігінен айырылған.
Департамент өкілдері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 7-бабына сәйкес азаматтарға сапалы қызмет алу құқығы кепілдендірілетінін еске салды.
Егер қызмет көрсетілмесе немесе тиісті деңгейде ұсынылмаса, тұтынушы:
- төлемді қайта есептеуді,
- төленген ақшаны қайтаруды талап етуге құқылы.
Мамандар азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп, байланыс операторына сотқа дейінгі тәртіппен талап арыз дайындауға жәрдем берген.
Оператор өз жауабында қызмет сапасының төмендеуін аталған ауданда қажетті телекоммуникациялық инфрақұрылымның болмауымен байланыстырған. Алайда абоненттерді алдын ала ескерткені жөнінде нақты дәлел ұсынылмаған.
Тексеру нәтижесінде Департамент сотқа 315 538 теңге көлемінде талап арыз жолдаған.
Құжатта көрсетілгендей, нақты көрсетілмеген қызмет үшін ақы алу Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес негізсіз баю болып саналады және қайтарылуға тиіс.
Сот процесі барысында байланыс операторы талаптардың негізді екенін мойындаған. Тараптар медиациялық келісімге келіп, ол сотпен бекітілді.
Нәтижесінде өңір тұрғындары сапасыз қызмет көрсетілген кезең үшін өтемақы алды.
Қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 234 657 теңге.