ИНЕ МЕН ЖІП ЖӘНЕ ҺӘМ САЯСАТ….
Саясатта ине әрдайым алда жүреді. Камера соны көрсетеді, халық соған қарайды. Сөйлейді, бұйырады, «шешім қабылдайды». Бірақ ине — жетекші емес, құрал ғана. Ол жіпсіз бір қадам да жасай алмайды.
Жіп — мүдде. Ақша, ықпал, келісім, қорқыныш. Көзге көрінбейді, бірақ қозғалыстың бәрі соған байланған. Ал иненің сығырайған көзі — жүйе. Ол – «көзін» тапқан пысықтарға тиесілі. Сол көзден өтпеген ой, сол сүзгіден өтпеген адам саясат сахнасынан сырт қалады.
Халыққа ине көрсетіледі, жіп жасырылып қалады. Қазақтың жалпақ тілмен айтқанда: «тігісін жасырады». Сондықтан көпшілік «кім басқарып отыр?» деп сұрайды да, «неге солай қозғалып жатыр?» деген сұрақты қоймайды. Ал шындық қарапайым: саясатта алда жүргендер көбіне өзі жүрген жоқ — оны жүргізіп келеді.
Ең қауіпті иллюзия — инені күш деп ойлау. Ең ауыр шындық — жіптің көріне бастауы. Өйткені, жіп тігісті көрсететіп, көрінген тігіс – ең әлсіз (жіңішке) жерінен түбі бір сөгіліп (ыдырап) тынбақ…….
Мұрат Рахымжан.