Бір күнде атылған 19 молда

0 445

Шартты түрде «Медетов пен Қарымсақов тобы» деп аталған қылмыстық істің үстінен кездейсоқ түстік. Батыс Қазақстан өңірінде белгілі әулие, зираты Қазақстанның Жалпыұлттық киелі нысандары қатарына кірген Жұмағазы хазіреттің ұрпақтарын іздеп жүргенде 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінде атылып кеткен Бекенияз Жұмағазиевтің аты-жөні назар аудартып еді…

Бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырында, қазір Ішкі істер министрлігінің облыстық департаменттерінде сақтаулы тұрған кеңестік саяси қуғын-сүргін құжаттары – құпиясын әлі күнге дейін көпшілікке аша қоймаған қорқынышты қазына сияқты. Тоқсан жылға тақаған істердің көбінің әлі күнге құпиялығы алынбаған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әр облыста құрылып, Кеңес өкіметі жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысқа кірісетін жұмыс тобы енді осы істердің құпия қалтарыстарына жарық түсіре бастады.

Хош, сонымен, Бекенияз Жұмағазыұлы туралы деректі іздеп барған сапарымыз Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің архивінде бізді сталиндік репрессияның тағы бір сұмдық оқиғасымен таныстырды.

Полиция департаменті архивінің бөлмесінде қалыңдығы екі елідей ғана қылмыстық іс папкасын қолға алған кезде, оның ішінде жазықсыз жапа шеккен 19 азаматтың тағдыры жатқанын білген де жоқпыз.

«Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым әшкереленді. Ұйымның мақсаты – Кеңес өкіметін құлатып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алып, Жапония протекторатындағы буржуазиялық ұлтшыл мемлекет құру болған» – №2330 қылмыстық істің айыптау қорытындысы осы сөздермен басталыпты.

Бұл Кеңес Одағында 1930-жылдары мұсылман элитасын, көрнекті дін қайраткерлерін баудай түсірген әйгілі «Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасы ісінің» («Дело ЦДУМ») қазақ даласындағы бір жаңғырығы екен. Уфадағы діни басқарма төрағасының орынбасарлары Кашафутдин Тәржіманов пен Маһди Мақұлов басқарды делінетін астыртын топтың Батыс Қазақстан өңіріндегі қанатына жетекшілік етті деген желеумен белгілі дін қайраткерлері Қуанай Қосдәулетов пен Хасан Нұрмұхамедұлы бастаған бір топ адам 1937 жылы 5 желтоқсанда атылған болатын.

Міне, осы күннен арада екі апта өтпей жатып Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында 19 адамнан құралған бай-молдалар тобын да «әшкерелеп» үлгерген. Тағылған айып та жоғарыдағы топтармен егіз қозыдай ұқсас.

«Ұйымның мақсаты – Кеңес өкіметін құлатып, Қазақстанды Кеңес Одағынан бөліп алып, Қазақстанда өз алдына байшыл, ұлтшыл мемлекет құрып, бұрынғы жекеменшікті, байлар және дінді қайта орнатып, мешіт, дін мектептерін ашып, дін жолымен адамдар тәрбиелеп, колхоз-совхоз, өндірістерді жоқ етіп, оларды жекеменшікке айналдыру. Ұйымға бұл мақсаттарын орындау жөнінде Жапония мемлекеті жәрдем етеді, ұлттық ұйымның Жапониямен байланысы бар, Жапония мемлекеті қазірде Кеңес өкіметімен соғысқа дайындалып жатыр, жақында соғысып, Кеңес өкіметін құлатпақ, Жапонияның соғыс жәрдемі арқасында ұйым мақсаттарын орындайды. Ұйымның жұмысын жүргізу жөнінде басшылық ететін – Уфа қаласындағы Мақұлов Махди…» – Шалғайдағы ауылда, қарапайым колхозшылар арасында жүрген адамдардың аузынан шықты деуге келмейтін осы сөздерді тергеушілер екінің бірінің аузына сала беріпті.

Осынау қылмыстық іске тартылғандардың барлығы да 1937 жылы 19 желтоқсан күні тұтқындалған. Сол жылы 28 желтоқсанда бәріне бірдей – РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-2, 58-11 баптары бойынша айып тағылып, НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты – Қ.Қ.) басқармасы «үштігінің» қарауына ұсынылған. «Үштік» сол күні 19 адамға бірдей «атылсын, жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін» деген үкім шығарған. 30 желтоқсан күні үкім орындалған. Қысқаша айтып өтсек, әйгілі 58-баптың 2-тармағы – «Кеңес Одағын құлату үшін қарулы көтеріліске шығу» болса, 11-тармағы – «контрреволюциялық әрекеттерді ұйымдасқан топ құрып атқару» дегенді білдіреді.

Біз төменде жазықсыз жазаланған репрессия құрбандарын ретімен таныстырмақпыз:

Нұриман МЕДЕТОВ,

молда

Медетов Нұриман 1871 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Сталин ауылкеңесінде туған, қазақ, орта діни білімі бар. Тұтқындалған кезінде Орынбор облысы Боранды (Буранный) ауданының Ново-Илецк поселкесінде тұрған.

Тергеу құжаттарында Нұриман Медетовтің бұрынғы атақты хазірет молда екендігі, өз мешіті болғаны айтылады. Ол 1928 жылы бай-молда ретінде әшкереленіп, Қазақстаннан тыс өңірге жер аударылған. Сол жылдары Орта Еділ өлкесінде (Средневолжский край – қазіргі Самара облысы) болып, 1936 жылы Ново-Илецк поселкесіне көшіп келген.

Қылмыстық істе Нұриман Медетовтің 1937 жылдың басында Ново-Илецкіде құрбан айт ұйымдастырғаны, желтоқсан айында Ғилметдин Мунасиповтің пәтерінде ораза айтын жасап, көп халық жинағаны көрсетілген. «1937 жылдың жазында Жаңакүш колхозшысы Құлжанова Ұрхияны емдеймін деп ешкі сойғызды, оның терісі мен жарты етін өзі алды. Жақында Сәрсенбаева Рахияға бір дәрі берді, оны қайдан алғанын білмеймін» деп көрсеткен бір куәгер.

Тергеу кезінде Нұриман Медетов «өзін кеңеске қарсы астыртын топқа тартқан – Шыңғырлау ауданының бұрынғы мұхтасибі Салахатдин Жүсіпов екенін» айтқан. Сондай-ақ 1935 жылдың жазында Уфа қаласында Орталық Мұсылмандар Діни Басқармасының (ОМДБ) қазиы Махди Мақұловпен сөйлесіп, одан «Кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыстар жүргізу жөнінде нұсқаулар алып қайтқанын» мойындаған. Тергеу хаттамаларына қарағанда ол астыртын топқа Рахметолла Ешмұхамбетовті, Камал Хайретдиновті, Темірболат Нияровты, Аманқұл Ұқашевты тартқан-мыс.

Н.Медетов 1937 жылы 19 желтоқсанда тұтқындалған кезде әйелі Жібек – 45 жаста, ұлы Зейнолла 12-де болыпты. Айыпталушының пәтерін тінту кезінде 2  Құран кітабы, араб жазулы дәптер және баланы сүндетке отырғызатын құралдар тәркіленген.

Ғабит ҚАРЫМСАҚОВ,

 молда

Ғабит Қарымсақов 1875 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылкеңесінде туған, қазақ, бастауыш білімді. Оны қылмыстық істе «бұрынғы бай-молда, қажының тұқымы» деп көрсеткен. Ол 1931 жылы кәмпескеленіп, Орынбор облысы Сол-Илецк ауданы Линевка кентіне көшкен. Бірақ туған жері Ащысай ауылына жиі келіп тұратыны айтылады. «1937 жылы тамыз-қыркүйек айының бірінде Ғабит Қарымсақов Ащысайға келіп, қарттарды жинап Құран оқыды, зиратқа барды. Ертеңіне таңертең колхозшылардың біразы жұмысқа шықпай қалды» деп көрсетеді ауыл тұрғындарының бірі тергеуде.

Тұтқындалған кезінде Ғабит Қарымсақовтың әйелі Гүлжан – 55 жаста, ұлдары Латип – 23, Сейітқали – 13 жаста, қызы Салиха 10-да болған.

Ол Исмағұл Мәмбетовті, Харис Ғазизовты астыртын ұйымға тартты деп те айыпталған.

Харис ҒАЗИЗОВ,

молда

Харис Ғазизовтің ұлты – татар, ол 1890 жылы Орынбор губерниясы, Сол-Илецк ауданының Озерск ауылында туған. Қылмыстық істе «бұрын өз мешіті болған белгілі молданың баласы, өзі де молда» деп жазыпты. Орта діни білімді, орысша, қазақша сауатты болған, Шыңғырлау ауданы Шілік ауылында татар мектебінде сабақ берген. 1937 жылы 19 желтоқсанда тұтқындалған кезде жұмыссыз болған.

1937 жылы 23 желтоқсанда Харис Ғазизов тұратын Шыңғырлау ауылындағы Совет көшесі, 37 үйге тінту жүргізілген. Сол кезде көптеген құжат, соның ішінде толтырылмаған, таза кәсіподақ билеті табылған. Тұтқын анкетасында Х.Ғазизовтің патша армиясы қатарында қатардағы казак болып қызмет атқарғаны көрсетіліпті. Кейінгі тергеу мәліметтері оның 1924 жылы 9 қыркүйекте «патенті бар саудагер болып, алыпсатарлықпен айналысқаны үшін» Қараоба болысы Подстепный ауылсоветінің шешімімен сайлау құқынан айырылғанын көрсеткен.

Х.Ғазизовтің артында 1898 жылы туған әйелі Рахима, ұлдары Рафих – 13, Мәлік – 11 жаста, қызы Халима 17 жаста қалған.

Рахметолла ЕШМҰХАМБЕТОВ, молда

Рахметолла Ешмұхамбетов 1873 (бір деректе 1875) жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Киров ауылында туған, қазақ, орта діни білімді. Тегі – бай, молда, қажы. 1929 жылы астық дайындау салғыртын орындамағаны үшін мал-мүлкі тәркіленген, бірақ сотталудан қашып кеткен. Әкесі Ешмұхамбет – екі мәрте қажыға барған кісі екен. Тергеу құжаттарында «Өзі де мешіт ұстады, қазір де молдалық қылады» деп сипаттаған.

Қылмыстық істе тігілген хаттамаларда Рахметолла Ешмұхамбетовті «ұйымдасқан топтың» ең белсенді мүшелерінің бірі ретінде көрсетеді. Тергеушінің пікірінше, астыртын топқа үгіттеп, ең көп адам тартқан (Сүлеймен Қосқұловты, Қанапия Нұрниязовты, Жұмағали Исатаевты) да осы тұлға. Ол 1929 жылы елден жылыстап кетіп, 1935 жылдары қайтып оралған.

1937 жылы 19 желтоқсанда тұтқындалған сәтінде Рахметолла Ешмұхамбетов Шыңғырлау ауданының Киров ауылсоветінде тұрған. Әйелі Бижамал – 51-де, ұлы Харис – 12-де, қызы Банаш 8-де болыпты.

Исмағұл МӘМБЕТОВ,

молда

Исмағұл Мәмбетов 1876 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында туған, қазақ, орта діни білімді. Ол 1930 жылы бұрынғы атақты бай, беделді хазірет ретінде сайлау құқынан айырылып, мал-мүлкі кәмпескеленіп сотталған, 5 жылға Қазақстан топырағынан жер аударылған. 1936 жылы елге қайта келіп, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылында жеке шаруа болып тұрған.

«1937 жылы қаңтар айының басында Мәмбетовтің басшылығымен Сол-Илецк ауданы Озерск кентінде құрбан айт мейрамы өтті, сол жылы қарашада ораза айт мерекесін өткізді» бұл – Исмағұл Мәмбетовке айыптың негізгі дәлелдері.

Исмағұл Мәмбетов те 1937 жылы 19 желтоқсанда тұтқындалған, ұсталған кезде үйінен әртүрлі мазмұндағы хаттар алыныпты. Оның отбасында әйелі Разия – 52-де, ұлы Саламат 3 жаста болған.

«Мені бұл ұйымға тартқан – Ғабит Қарымсақов еді, соның тапсырмасымен колхозшылар арасында үздіксіз Кеңес өкіметіне қарсы сөздер таратумен болдым» деп «мойындапты» қылмыстық іске тіркелген санаулы тергеу хаттамаларының бірінде.

Сүлеймен ҚОСҚҰЛОВ,

молда

Сүлеймен Қосқұлов 1862 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Киров ауылында туған, қазақ. Ол да діни білімді, бұрынғы молда екені, Қурайлы деген жерде мешіт ұстағаны айтылады. 1929-1930 жылдары «Кеңес өкіметіне жат элемент» ретінде сотталып, мал-мүлкі тәркіленіп, 5 жылға ел аумағынан қуылған.

«Жер аударылған мерзімін өтеп, елге қайтып оралғанымен молдалығын қоймай жүр» – Сүлеймен Қосқұловқа да таңылған негізгі айып осы.

Үндеместер ұстауға келген кезінде Сүлеймен Қосқұлов Шыңғырлау ауданының Полтава ауылсоветінің құрамындағы Елтай колхозында жеке шаруа болып тұрған екен. Бұл қазіргі Ардақ ауылының аумағы. «Жеке шаруа» деп қомпитқанымен Қосқұловтың қорасында жалғыз аты ғана болған. Тінту кезінде 2  Құран, арабша тағы 5 кітап, 10-15 парақ, 2 таспиқ алынып, хаттамаға тіркеліпті.

Өтей БОРАМБАЕВ,

бай

Өтей Борамбаев 1897 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Сталин ауылында туған, қазақ. Бір құжатта «білімі – бастауыш» десе, келесі хаттамада «сауатты» деп көрсеткен.

Тұтқындалған кезінде Ө.Борамбаев Шыңғырлау стансасында пішен пунктінде қабылдаушы болып жұмыс істеп жүрген. Шыңғырлау ауылында Харис Ғазизовпен көршілес, Совет көшесі 39-үйде тұрған. Отбасында 34 жастағы әйелі Сәлима, 3 жасар ұлы Сапар қалған екен. Олардың кейінгі тағдыры белгісіз.

Өтей Борамбаев осы іс бойынша айыпталған 19 адамның ішінде қылмысын мойындамаған санаулы жанның бірі екен. «Мен ешқандай астыртын ұйымға мүше емеспін, Кеңес өкіметіне қарсы жұмыс істегенім жоқ» деген жауаптан танбаған.

Алайда «контрреволюциялық Алашорда ұйымының белсенді мүшесі болғаны, взвод командирі болып, тұрғындарды тонаумен айналысқаны», «ақтарға қызмет еткені», «1925-1935 жылдар аралығында тегін жасырып, ВКП (б) қатарына кіргені, кейін әшкереленіп, партиядан шығарылғаны» оның тағдырына үкімін кесіп қойған болатын.

Камал ХАЙРЕТДИНОВ,

молда

Камал Хайретдинов 1877 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Исаев ауылкеңесінде туған, қазақ. Діни білімді, ірі бай, Сұлукөл ауылында өз мешіті болған. К.Хайретдинов 1930 жылы астық дайындау салғыртын орындамағаны үшін сотталып, мал-мүлкі тартып алынған екен.

1937 жылы 20 желтоқсанда Шыңғырлау ауданы №18 ауыл советі берген анықтамаға көз салайық:

«Шыңғырлау ауданы Үйсай ауыл азаматы Камал Хайретдиновке, бұл азаматтың негізі молдалықпен өткен, бұрын дауысы алынып, сотталған, жеке шаруа. Қазіргі уақытта да молдалық құрып, кітап ашып, жұртты алдап, көз бояп отыр».

Камал молданың үйінен де тінту кезінде 2 Құран кітабы, 1 «Әптиек» және басқа араб тілінде 12 кітап тәркіленген. Әйелі Бибіажардың 30 жаста екендігі, Исаев ауылкеңесіне қарасты Жаңакүш колхозында тұрғандығы жазылған. Ол астыртын ұйымға Жанғазиев Есқазыны «тартқан».

Ақлим ҚАРАТАЕВ,

бай

Ақлим Қаратаев 1894 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Шілік ауылында туған, қазақ. «Білімі бастауыш» деп жазылғанымен, сауатты адам болған сияқты. Тұтқындалған кезінде Шыңғырлау аудандық халық шаруашылығы есеп бөлімінің инспекторы қызметінде жүрген. «Арғы тегі – ірі бай, феодал, ақ казактар армиясының белсенді өкілі» деп айыпталған. Үйінен құжаттарға қоса дұғалық кітабы табылған екен. Ақлим Қаратаев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Артында 36 жастағы әйелі Қазира, 10 жасар қызы Рахима, 6 жасар ұлы Мақсот қалған.

Аманғали ЖАҢАБАЕВ,

молда

Аманғали Жаңабаев 1875 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданы Ащысай ауылында туған, қазақ, діни білімді.

«Аманғали Жаңабайұлы Ащысайдың атақты беделді молдасы болған, молдалығы үшін колхоздан шығарылып, сайлау еркі алынған. Қазір Жаңатұрмыс колхозының ішінде жеке шаруа болып отыр. Кеңес өкіметіне қарсы үздіксіз үгіт-насихат таратып, елдің, колхозшылардың дінге сенімін арттырып, ораза ұстап, намаз оқып, жаназа шығарумен айналысады. Осының нәтижесінде Жаңатұрмыс колхозшыларының 50%-ы ораза ұстап, «біз ораза уақытында жұмыс істей алмаймыз» деп колхоздың астық бастыру жұмысы созылып кетті» делінген айыптау парағында.

А.Жаңабаевтың үйінен де Құран кітабы, түрлі хаттар табылған. Сол кезінде оның отбасында әйелі Рахила – 44 жаста, қызы Ғалия – 2-де болған екен. Тұтқындалар сәтінде ол Шыңғырлау ауылында тұрған.

Сүйінішқали АЙШУАҚОВ,

қажы

Сүйінішқали Жармұхамедұлы Айшуақов 1878 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Шілік ауылында туған, қазақ.

Сүйінішқали Айшуақовты тергеу құжаттарында «атақты байдың, ишан хазіреттің ұрпағы, өзі 4 мәрте қажылыққа Меккеге барған» деп көрсетеді. 1917 жылға дейін ауқатты бай болғаны, 1929 жылы сотқа тартылып, сайлау құқы алынғаны айтылады. Мінездемесінде «белсенді діншіл» деп көрсеткен. Тұтқындалған сәтінде аудандық банктің күзетшісі болып қызмет етіп жүрген, өз үйі, 1 сиыры болған, үйінен Құран кітабы табылған. Әйелі Мағрипа 51 жаста, қызы Хафиза 9-да болған екен. С.Айшуақов өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Бермұхамед ФАЙЗУЛЛИН,

бай

Бермұхамед Файзуллин 1895 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Ежов ауылкеңесінде туған, қазақ. Ауыл мектебін бітірген. Тегі бұрынғы бай деп көрсетілген. 1929 жылы бұрынғы бай ретінде тергеліп, сотталған. Кейін кәсіподақ мүшелігіне өткен, тұтқындалған сәтінде Шілік ауылында Шыңғырлау аудандық ауылшаруашылық азық-түлікті дайындау бойынша комитеттің есепшісі қызметін атқарып жүрген екен. Б.Файзуллин де өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Жеке шаруашылығында бір сиыры болған.

Б.Файзуллиннің артында 42 жастағы әйелі Рахила қалған.

Ханафия НҰРНИЯЗОВ,

молда

Ханафия Нұрниязов 1884 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Сталин ауылкеңесінде туған, қазақ. Әкесі де молда болған, өзі де молда. 1929 жылға дейін өз мешіті болғандығы айтылады. 1931 жылы молда ретінде сотталып, 2 жылға жер аударылған.

23 желтоқсанда Х.Нұрниязовтың үйін тінткен кезде 2 Құран, 1 хадис кітабы алынған екен. Олар бұл кезде Сталин ауылында тұрған. Отбасында әйелі Балкенже 36 жаста, ұлдары Ахмет – 10-да, Ғайса – 1-де, ал Шәріп 1 айлық болған екен.

Темірболат НИЯРОВ,

молда

Темірболат Нияров 1888 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Сталин ауылкеңесінде туған. Орта діни білімі болған.

Темірболат Нияровты «ата-тегі – молда, хазірет, Қаратөбе ауданынан келді» деп жазыпты. 1931-1932 жылдары Орал губерниялық соты оны РСФСР Қылмыстық Кодексінің әйгілі 58-10-бабы бойынша – «Кеңес өкіметін құлату, бүлдіру немесе әлсіретуге шақырып үгіт-насихат жүргізу, осы мақсатта әдебиеттерді жазып, сақтап, тарату» деген айып тағып, 1 жылға жер аударған.

Тұтқындалған кезінде Т.Нияров Шілік ауылында тұрған, Сталин колхозының мүшесі екен. Отбасында 45 жастағы Балкүміс деген әйелі ғана болған.

Аманқұл ҰҚАШЕВ,

молда

Аманқұл Ұқашев 1887 жылы Орал губерниясы, Қаратөбе ауданының №8 ауылында туған, қазақ. Оны «бұрынғы молда, хазірет» деп көрсеткен. 1931 жылы ол да РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабы бойынша сотталып, ату жазасына кесілген. Бірақ бұл үкім Жоғарғы Соттың қаулысымен бұзылған. Аманғали Ұқашев Орынбор облысы Буранный (кейіннен Сол-Илецк) ауданына қарасты Ново-Илецк ауылында тұрған, Ленин атындағы колхоз мүшесі болып жұмыс істеген. Үйін тінткен кезінде патша заманындағы 310 сом табылған. Отбасында әйелі Миуаш, ұлы Сағидолла тіркеліпті, жасы көрсетілмеген.

Жұмағали ИСАТАЕВ,

бай

Жұмағали Исатаев 1874 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Киров ауылкеңесінде туған, қазақ. Білімді, патша заманында болыс болған. 1929 жылы астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін мал-мүлкі тәркіленіп, Қазақстаннан тысқары жер аударылған.

Ұсталардың алдында Жұмағали Исатаев Орал-Елек теміржолының бойындағы Тузово стансасының 178-разъезінде тұрған. Бұрынғы байдың сол кезде жалғыз сиыры болған екен. Артында 47 жастағы әйелі Таңсұлу Алдасүгірова қалған.

Жалғасбай ҚУАНШАЛИЕВ,

бай

Жалғасбай Қуаншалиев 1882 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданы Сталин ауылкеңесінде туған, қазақ. Тұтқын анкетасында шыққан тегін «барымташының баласы» деп көрсетіпті. Ол да 1931 жылы мал-мүлкі кәмпескеленіп, Шыңғырлау аудандық халық сотының шешімімен 2 жылға сотталып, жер аударылған.

Жалғасбай Қуаншалиев өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ұсталған кезде олар Шыңғырлау стансасында тұрған екен. Өзі теміржол бекетінде жұмысшы, әйелі Сара – 50-де, 14 жастағы қызы Күлзина ауылдағы бір басқышты мектепте оқушы екен. Тінту кезінде Жалғасбай Қуаншалиевтен 270 сом табылып, оны акт жасап алып қойыпты.

Есқазы ЖАНҒАЗИЕВ,

молда

Есқазы Жанғазиев 1873 жылы Орал губерниясы, Шыңғырлау ауданының Шілік болысында (Исаев ауылкеңесі) туған, қазақ. Бұл да басқа айыпталушылар сияқты, діни білімді болған. Кеңес өкіметі орнағаннан-ақ бұрынғы молда ретінде есепте болған, қудаланған. 1934 жылы тәуіпшілікпен айналысқаны үшін 500 сом айыпқа тартылыпты.

Шыңғырлау ауданы №18 ауылкеңесі берген анықтамаға көз салайық:

«Шыңғырлау ауданы Үйсай ауыл азаматы Есқазы Жанғазиевке, бұл азаматтың негізі кедей, әкесі бай болмаған, молда болған. Қазіргі уақытта кітап ашып, жұртты алдап жүруі анық».

Е.Жанғазиевтің үйін тінту кезінде бірнеше Құран, арабша кітаптар, ішірткі, тұмарлар, 1000 сом Керенский ақшасы алынған. Отбасында әйелі Жақия ғана болған, сол кезде оның жасы 46-да екен.

«Колхозшылар арасында «бір жақсылық болады, мұсылман өкіметі құрылады, дін қайта орнайды» деген Кеңес өкіметіне қарсы сөздерді үздіксіз айтып жүрдім» депті тергеуге берген жауабында Есқазы Жанғазиев.

Бекенияз ЖҰМАҒАЗИЕВ,

молда

Бекенияз Жұмағазиев 1888 жылы Орал облысының Шыңғырлау ауданы Сталин ауылкеңесінде туған. Бұрынғы молда, орта діни білімі бар. Сталин колхозында тұрған. Әйелі Жұмағазиева Ғилым, 44 жаста. Қызы Бәтима – 17-де, ұлы Молданияз – 10 жаста.

«Алдын ала тергеу кезінде анықталғандай, Жұмағазиев контрреволюциялық көтерілісшіл-бүлікшіл бай-молда ұйымының мүшесі болып, халық арасында белсенді контрреволюциялық әрекет жүргізген» деп жазылған айыптау парағында.

Жалпы қылмыстық істің суретін көз алдымызға келтіру үшін Бекенияз Жұмағазиевке қатысты кейбір құжаттарға көз салайық. Бұлардың бәрі егіз қозыдай ұқсас, тек айыпталушының аты-жөні ғана өзгеріп отырған.

Б.Жұмағазиев жоғарыда айтылғандай, 1937 жылдың 19 желтоқсаны күні тұтқындалған. Бірақ оны тұтқындау туралы қаулы 5 күннен кейін, желтоқсанның 24-інде толтырылған.

«ҚАУЛЫ

Тұтқынға алу және айып тағу туралы

Шыңғырлау, 24 желтоқсан, 1937 жыл.

№2330 қылмыстық іс бойынша

Жұмағазиевтің контрреволюциялық көтерілісшіл-бүлікшіл бай-молда ұйымының мүшесі болып, халық арасында белсенді контрреволюциялық әрекет жүргізгені жеткілікті анықталып отыр.

Қаулы етемін:

Азамат Жұмағазиев Бекениязды Қылмыстық Кодекстің 58-2, 11-баптары бойынша айыптап, тергеу мен соттан жалтарып кетпеуі үшін Шыңғырлау КПЗ-ына (уақытша қамау оқшаулағышына) қамауға алуға, одан әрі Орал түрмесіне жеткізуге».

Ал мына сөйлемдер Бекенияз Жұмағазиевтің тағдырын түбегейлі шешіп, өміріне нүкте қойған:

«Медетов пен Қарымсақов бастаған панисламдық бүлікшіл каэр (контрреволюционер) топтың белсенді мүшесі, солардың тапсырмасымен жүйелі түрде каэр бүлдіргіш, жапонофилдік (жапоншылдық), бүлікшіл-төңкерісшіл, колхозға қарсы үгіт жүргізіп, кеңес өкіметінің жақында күйрейтіні және КСРО-да капитализмнің қалпына келетіндігі жөнінде насихат таратқан, діни қызмет жүргізіп, мешіт пен діни ілімді қалпына келтіру бағытында қызмет еткен. Яғни ҚК-нің 58-2, 58-10, 2, 58-11-баптарында айтылған қылмыстарды жасаған.

Осы қылмыстық іске айыпталушы ретінде тартылған Бекенияз Жұмағазиев өзіне тағылған айыпты мойындап, Медетов пен Қарымсақов бастаған панисламдық бүлікшіл каэр топтың белсенді мүшесі болғандығын, бұл топтың құрамына Н. деген молданың үгітімен 1937 жылы кіргендігін, осы топ мүшесі ретінде колхоз ұйымдарына қарсы бүлікшіл, бүлдіргіш әрекет жүргізгенін, кеңес өкіметінің жақында күйрейтіні және КСРО-да капитализмнің қалпына келетіндігі жөнінде уағыз айтқанын, дінді қалпына келтіру мақсатында үгіт-насихатты барынша күшті жүргізгенін мойындады».

Бұдан әрі айыпталушыдан алынған тәптіштің хаттамасы тігілген. Бір беттен сәл ғана асатын сұрақ-жауапта Б.Жұмағазиев өзіне тағылған айыпты «мойындап», «Медетов пен Қарымсақов бастаған панисламдық бүлікшіл каэр топтың белсенді мүшесі болғандығын, бұл топтың құрамына Н. деген молданың үгітімен 1937 жылы кіргендігін, осы топ мүшесі ретінде колхоз ұйымдарына қарсы бүлікшіл, бүлдіргіш әрекет жүргізгенін, кеңес өкіметінің жақында күйрейтіні және КСРО-да капитализмнің қалпына келетіндігі жөнінде уағыз айтқанын, дінді қалпына келтіру мақсатында үгіт-насихатты барынша күшті жүргізгенін» айтқан. Хаттаманың шетіне тергеуші «осы айтылған жауабым дұрыс» деп жазып, айыпталушы латын әріптерімен «Gumagazijp» деп қол қойыпты. Қалам ұстаған қолдың дірілі байқалады.

Одан кейінгі көргеніміз – №21 хаттамадан үзінді:

«Батыс Қазақстан облыстық НКВД үштігінің 1937 жылғы 28 желтоқсандағы отырысы. Шыңғырлау аудандық НКВД бөлімі қозғаған панисламистер жайында №2330/2368 қылмыстық іс бойынша: №13. Жұмағазиев Бекенияз, 1888 ж.т., молда, бұрын сотталмаған, колхозға кіріп алған. Панисламистік бүлікшіл шпиондық-бүлдіргіш ұйымға кіргендігі үшін (РСФСР ҚК 58-2-11 бабы бойынша) айыпталады.

Қаулы етті:

№13. Жұмағазиев Бекенияз атылсын, жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін».

Бұдан кейінгі тілдей қағазда:

«Батыс Қазақстан облыстық НКВД үштігінің Жұмағазиев Бекениязды ату жөніндегі 1937 жылғы 28 желтоқсандағы қаулысы 1937 жылы 30 желтоқсанда 22 сағат 25 минутта орындалды. Актіден көшірме дұрыс. Үштік хатшысы Троицкий» деп жазылған.

Бітті.

 

*  *  *

19 адамның тағдырын шешкен қылмыстық істің айыптау қорытындысы мынадай қаулымен аяқталған:

«Медетов, Нариманов, Ғазизов, Ешмұхамбетов және басқалары бар 19 адам айыпталған №2330 тергеу ісі Батыс Қазақстан облыстық НКВД басқармасы «үштігінің» қарауына жіберілсін. 28.ХІІ.1937. Шілік ауылы.»

«Үштік» шешімі де сол күні – 28 желтоқсанда шыққан: «19 адам түгелдей атылсын, жеке өзіне тиесілі мүлкі тәркіленсін».

Қылмыстық істің соңғы бетінде шағын конверт желімделіп, оның ішінде тілдей етіп қиылған 19 қағаз салыныпты. Онда айыптаушылардың әрқайсының үкімі орындалған уақыты жазылған. Ату жазасы 1937 жылы 30 желтоқсанда, сағат 20.50.-ден бастап орындалған:

  1. Медетов Нұриман        20.50.
  2. Қарымсақов Ғабит 20.50.
  3. Ғазизов Харис 21.50.
  4. Ешмұхамбетов

Рахметолла                              21.50.

  1. Мәмбетов Исмағұл 21.50.
  2. Қосқұлов Сүлеймен 21.50.
  3. Жұмағазиев Бекенияз 22.25.
  4. Файзуллин Бермұхамед 22.25.
  5. Қуаншалиев Жалғасбай 22.25.
  6. Исатаев Жұмағали 22.25.
  7. Айшуақов Сүйінішқали 22.25.

12.Нияров Темірболат                          22.25.

  1. Ұқашев Аманқұл 22.25.
  2. Жаңабаев Аманғали 22.25.

15.Жанғазиев Есқазы                                   22.25.

16.Хайретдинов Камал        22.25.

17.Борамбаев Өтей             22.35.

18.Қаратаев Ақлим             22.35.

19.Нұрниязов Қанафия        22.45.

Осылайша, «Батыс Қазақстан облысында кең тармақталған контрреволюциялық панисламистік бай-молда, бүлікшіл, шпиондық, диверсиялық ұйым» мүшелерінің тұтқындалуы мен үкімі арасында 9-ақ күн өтіп, он бірінші күні боздақтар оққа ұшып кете барған екен…

 

P.S. Батыс Қазақстан облыстық архивінің деректеріне қарағанда өңірде 1937 жылы 853 адам сотталып, 335-і атылған. Ал 1938 жылы 936 адам тұтқындалып, соның 690-ы ату жазасына кесілген екен. КСРО Ішкі істер халық комиссары Ежовтің 1937 жылы 30 шілдедегі №00447 бұйрығы бойынша бұрынғы кулактарды, антикеңестік элементтерді жазалау операциясы басталған. 4 ай ішінде атқарылуы тиіс операция барысында Қазақстанда 7,5 мың адамды жазалау жоспарланыпты. Оның 2,5 мыңы «үштіктің» үкімімен атылған. Батыс Қазақстан облысы бойынша 100 адамды ату жоспарланған екен. Жоғарыда аталған боздақтар дәл осы қанды «жоспардың» тырнағында кетсе керек.

Отызыншы жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың алды 1953-1954 жылдары, Сталин өліп, Хрущев кезіндегі жылымықта ақтала бастаған. Бірақ 1960-жылдары ол үрдіс тоқтаған. Тек 1980-жылдардың екінші жартысындағы «қайта құру» деп аталған кезеңде – 1988 жылы 11 шілдедегі КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының Қаулысымен, 1989 жылы 16 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «30-40 және 50-жылдардың басында болған репрессия құрбандарына қатысты әділеттілікті қалпына келтіру бойынша қосымша шаралар туралы» Жарлығымен жұмыс басталды.

Ал біздің жоғарыдағы кейіпкерлеріміз 1964 жылы 31 наурызда Орал облыстық сотының Төралқа қаулысымен ақталған екен. Бұл қалай болған?

Жоғарыдағы 19 боздаққа қатысты қылмыстық істің соңғы беттерінде тіркелген кейінгі қағаздардың арасынан Орал облысы, Чапаев ауданы Коловертный колхозының тұрғыны Мақсот Ақлимовтың хаты табылды. Бұл сонау 1937 жылғы 19 желтоқсанның ызғарлы түнінде Қаратаев Ақлимнің артында қалған 6 жасар ұлы болып шықты. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқарма бастығына жолдаған хатта «халық жауының» баласы 1963 жылы 13 қараша күні былай деп жазады:

«Әкемнің тегі кедей шаруа еді, әлдекімдердің жаласымен 1937, әлде 1938 жылы репрессияға ұшыраған, содан бері хабар жоқ. Мен 1932 жылы дүниеге келдім, 1946-1952 жылдары Шілік қазақ орта мектебін интернатта жатып оқып бітірдім. 1952 жылы Мәскеу малдәрігерлік академиясының зоотехника факультетіне түсіп, 1957 жылы бітірдім. Қазір анам Қаратаева Қазирамен бірге Коловертный ауылында тұрамын. Колхоз зоотехнигімін. 1947-1961 жылдар аралығында комсомол мүшесі болдым, ол ұйымнан жасым толуына байланысты шығарылдым. Енді КОКП қатарына кіргім келеді. Соның алдында автобиографиямдағы ақтаңдақтарды анықтасам деймін.

Менің әкем шынымен кінәлі ме? Кінәлі болса, оның кінәсі қандай дәрежеде? Кінәлі болмаса, ақталды ма? Әрбір бала секілді мен де өз әкеммен мақтана алам ба? Ол бүгінде тірілер арасында жоқ шығар, қашан, қай жерде қайтыс болды? Әкемнің зираты қайда? Өтініп сұраймын, менің жағдайымды түсініңіз, маған әкемнің кім болғанын білуге көмектесіңіз. Мен оның есімін мақтанышпен айта аламын ба, жолдастарымның алдында бетім қызармай, өз фамилиямды биік ұстап алып жүре аламын ба?»

Орыс тілінде өте сауатты жазылған осынау жантебірентерлік сөздер «салқын ақылды» чекистердің де сезімін жылытқан сияқты: МҚК мен прокуратура арасында хат алмасу басталған. Жоғарыдағы 19 адам айыпталған қылмыстық іске сараптама жасаған МҚК қызметкері тергеу кезіндегі олқылықтарды көрсете келіп, 1964 жылы 23 қаңтарда «үштік» қаулысына наразылық білдіру үшін істі прокуратураға жолдаған. Сол жылы 30 наурызда Орал облысының прокуроры Н.Смағұлов «үштік» шешімінің күшін жойып, осы іске қатысты барлық тұлғаның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан істі тоқтатуды» талап етіп, прокурорлық наразылық білдірген. Келесі күні, 31 наурызда Орал облыстық сотының Төралқасы қаулы шығарып, барлық 19 адам ақталған.

Біз Мақсот Ақлимовтің өзімен жолыққымыз келіп еді. Өкінішке қарай, бүгінде өмірден өтіп кеткен екен. Бірақ шыңғырлаулық азаматтардың көмегімен тағы бір «халық жауының» баласын тауып алдық. Ол – Қанафия Нұрниязовтың ұлы Ғайса Қанафин ағамыз.

– Анамның айтуынша, әкемді екі орыс милиционер бір татар аудармашымен бірге келіп, алып кеткен. Мен ол кезде жасқа да тола қоймаған кезім екен. Анамның да көрмегені жоқ, оны Қандыағаш-Гурьев теміржолын салуға ауыр жұмысқа алып кетіп, мен әжемнің қолында өсіппін. Жаңа туған інім құйттайында шетінеп кеткен, – дейді бүгінде 84 жастан асқан Ғайса ата.

Қарияның әңгімесінен Қанафия Нұрниязовтың шынымен де діни білімі терең екенін, атасы Нұрнияз «қалпе» атанып, елге діни ілім таратқан дін қайраткерлері болғанын ұқтық.

– Әкемнің мешітін көрдім. Оған большевиктер шошқа әкеліп қамап еді, бір түнде қырылып қалды. Кейін әртүрлі заттар қоятын қойма ретінде пайдаланды. Бұл соғыстың алдында болған оқиға. Бала болсам да есімде, — дейді атамыз.

Ғайса Қанафин «халық жауының баласы» деген «қара таңбаның» зардабын әбден тартыпты. Ауылда қарапайым тракторшы, комбайншы, шопыр болып, адал қызмет етсе де «молданың баласы» деген атақ алдынан шыға берген. «Менің комсомолға кіруім де, партияға қабылдануым да үлкен дау-дамай болып, таласып, қырқысып жүріп өттім ғой» – дейді қария.

Бір қызығы, оның әкесі 1964 жылы ақталса да, ол туралы отбасына, ұрпақтарына хабарланбаған. Ғайсаның ағасы Ахмет – 1960 жылы, анасы Балкенже – 1973 жылы Қанафия Нұрниязовтың ақталғанын білмеген күйі дүниеден өткен. Ғайса ағайдың өзі де әкесі туралы тұңғыш рет 2001 жылы жарық көрген «Азалы кітап» жинағынан ғана нақты мәлімет алыпты.

– Құдайға шүкір, 4 ұл, 2 қызымнан 6 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Бірақ жазықсыз кеткен әкем түсіме жиі енеді. Сүйегі қайда қалғанын да білмейміз. Тағдыры талқандалған отбасылардың обалы кімге? Сол бір сұрқия жылдарда жазықсыз тартқан азабымыз үшін соқыр тиын өтемақы да алғанымыз жоқ. Сол әділеттілік пе?! – деп күйінеді ақсақал…

 egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.