Шопандарға 55 жастан төлем, мал басы 12 миллионға жетеді: Үкімет мал шаруашылығын түбегейлі жаңғыртпақ

0 33

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары мақұлданды. Құжат саланың өнімділігін арттыруға, экспортты ұлғайтуға және ауылдағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бүгінде мал шаруашылығы елдің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды. Соңғы жылдары ірі қара саны 2,4%-ға, ұсақ мал 1,6%-ға артқанымен, саланың жылдық өсімі 2–3% деңгейінде қалып отыр. Бұл әлеуеттің толық ашылмай отырғанын көрсетеді.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылға дейін ірі қара мал саны 7,9 млн-нан 12 млн басқа, ұсақ мал 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін өседі деп күтіледі. Ет өндірісі 1,8 млн тоннаға жетіп, экспорт көлемі 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін екі есеге жуық артады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров саланы қолдау үшін ауқымды қаржылық шаралар ұсынылғанын айтты. Асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен 300 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беріледі. Сонымен қатар жайылым инфрақұрылымын дамытуға 50 млрд теңге, мал азығын дайындау техникасына 5%-бен тағы 50 млрд теңге, ал айналым қаражатын толықтыруға 225 млрд теңге бағытталады. Қаржыға қолжетімділікті арттыру үшін «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігі қолданылады.

Жоспарда ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, шопандар мен бақташыларға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлемдер беру, мамандар үшін тұрғын үй салу, кадр даярлау көзделген. Сонымен бірге ветеринариялық қауіпсіздік күшейтіліп, экспортқа шығу үшін күнделікті бақылау енгізіледі.

Олжас Бектенов кешенді жоспар ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасады: үш астықты өңірде 330 шаруашылық ерекше бақылауға алынған. Үкімет барлық шаралардың сапалы әрі үйлесімді орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Qaz365.kz.

eldala.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.