Біздің басты құндылығымыз – тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы
Құрметті жамбылдықтар!
Облысымызда соңғы күндері ауа райының өзгеруіне, яғни аяз бен қардың түсуіне байланысты жағдай менің тұрақты бақылауымда.
Біздің басты құндылығымыз – тұрғындардың қауіпсіздігі мен амандығы.

Осыған орай, Тараз қаласы мен барлық аудан әкімдеріне, сондай-ақ тиісті мекемелерге жолдарды уақытылы тазалау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, коммуналдық нысандардың үздіксіз жұмысын ұйымдастыру және басқа да маңызды бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстарды басшылардың өзі тікелей тексеріп, қадағалауы тиіс.
Қазіргі таңда облыстағы жергілікті маңызы бар автожолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына 21 мердігерлік ұйым тартылып, 178 бірлік арнайы техника дайындалған. Қажетті құм мен тұз қоры толық қалыптастырылған.

Сонымен қатар, облыс орталығында қысқы маусымда қаланы қардан тазалау шараларына «Жасыл ел–Тараз» мекемесі тарапынан 43 техника және 300-ге жуық жұмысшы маман жұмылдырылады.
Жұмыс күші де, техника да, қажетті материалдар да жеткілікті. Ең бастысы – жұмысты сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жеке бақылауымда ұстайтын боламын.
Құрметті тұрғындар!
Ауа райының қолайсыздығына байланысты аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауларыңызды, сақтық шараларын қатаң сақтауларыңызды және барлық ескертулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.