2025 жылы Жамбыл облысындағы ХҚКО-лар арқылы 188 мыңнан астам төлқұжат пен жеке куәлік берілді
Жамбыл облысында жеке басын куәландыратын негізгі құжаттарды рәсімдеу бойынша қызметтерге жоғары сұраныс сақталуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 188 мыңнан астам азамат төлқұжат пен жеке куәліктер алған. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Жамбыл облысы бойынша филиалы хабарлады.
Сондай-ақ 2025 жылы төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру қызметі өңірдегі ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметке айналды. Салыстыру үшін айта кетсек, 2024 жылы аталған қызмет 160 683 рет көрсетілген, бұл азаматтардың өтініштері айтарлықтай артқанын көрсетеді.
2025 жылы төлқұжат пен жеке куәлікті рәсімдеу қызметіне ең көп сұраныс күз айларында тіркелді. Атап айтқанда, қазан айында — 29 226, қарашада — 24 679, қыркүйекте — 18 971 қызмет көрсетілген, бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының белсенділігін растайды.
Айта кетейік, 2026 жылға мынадай мемлекеттік баж мөлшерлері белгіленген: ҚР азаматының 36 беттік паспорты үшін — 8 АЕК, 48 беттік паспорты үшін — 12 АЕК, 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт үшін — 4 АЕК. Жеке куәлікті дайындау үшін мемлекеттік баж мөлшері — 0,2 АЕК.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті алғашқы рет алу және оны қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру кезінде мемлекеттік баж төлемінен босатылады.