Медициналық сақтандыру қорынан орасан зор қаражат ұрланып жатыр — Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда елдегі алаяқтықтың өршуіне мемлекеттік органдар да «үлес қосып» жатқанын айтты.
– Алаяқтар ұлттық қауіпсіздікке нақты қатер төндіретін қауіпке айналды. Медициналық сақтандыру қорынан орасан зор қаражат ұрланып жатыр. Сонымен бірге жедел жәрдем қызметінің өкілдері, фельдшерлер алаяқтардың үндеуіне сеніп, наразылық акцияларына шығып, әлеуметтік талаптар қойып жүр. Азаматтарымыз алаяқтарға жем болып, адал жолмен жинаған қаражатын жоғалтып жатыр, алдауға көніп қылмысты қаржылық операцияларға тартылып жүр.
Қазір әлемде көші-қон саласындағы алаяқтық проблемасы айтарлықтай шиеленісе түсті. Еуропа мен АҚШ-та не болып жатқанын көріп отырсыздар. Шетелдіктер үшін еліміз жұмыс табу, тұрмыс деңгейі тұрғысынан тартымды бола бастағандықтан бұл мәселе біздің елімізде де ерекше өзекті болып тұр. Құқық қорғау органдары Қазақстан аумағында тұрақты тұрғысы келген шетелдіктерге құжаттарды заңсыз берумен айналысқан алаяқтардың қылмыстық әрекетін әшкереледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алаяқтық қылмысқа қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
– Заң мен тәртіп бұзушылардың бәрін – ұсақ бұзақылардан, ұрылардан бастап ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдеріне дейін, қоғамды тұрақсыздандыруды көздейтін арандатушыларды жауапкершілікке тарту керек. Бұл өзекті және бірінші кезектегі міндет деп айтуға болады. Цифрландыру сөзсіз барлық жерді қамтиды және тұтас сипатта жүреді. Бұл жеке деректерді заңмен қорғауға, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға назар аудару керек дегенді білдіреді, – деді Президент.