Шуда голландиялық картоп өсіріледі

0 432

Шу ауданында көктемгі егіс жұмыстары басталды. Егінім қалай болар екен деп екіұдай пайыммен бастайтын шаруа қауымының еңбегін ерекше бағалауымыз керек. Әсіресе, қырда жер жыртып, дән егіп жатқан диқандар үшін қазір қарбалас. Осынау қарбаластың қарқынын көру мақсатында аудан әкімі Нұржан Календеров орынбасары Әлихан Балқыбековпен бірге егіс алқаптарын аралап көрді. Аудан басшысы ат басын алдымен ірі серіктестік «Qyzylsha» ЖШС бұрды. Шаруасы шалқыған серіктестіктің негізгі күші егіншілікке бағытталған. Мұнда биылғы жылы 765 гектар аумаққа қант қызылшасының жоғары сорты егіледі. Мұнымен қоймай өңірімізде алғаш 113 гектар жерге жоғары сұрыпты голландиялық картоп өсіруді қолға алып отыр. Аталған сұрыптың ерекшелігі сол 55 күннің ішінде өнім бере бастайды екен. Бұл өнімге қазірдің өзінде сұраныс жоғары,- дейді серіктестік иелері. Сонымен қатар 667 гектар жерге жүгері, 600 гектар мақсары егіледі. Бұдан бөлек, «Qyzylsha» ЖШС ирригация жобасын жүзеге асыру аясында 1562 гектар аумақты қамтитын 25 американдық «Валлей» жаңбырлатып суғару құрылғыларын орнатуда.
Жалпы биыл, ауданда егістік көлемі жылдағыдан ұлғайған. Яғни, 2021 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 137 015 гектарға орналастыру жоспарланып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артқан. Қазір шулық шаруалар осыған күш салып отыр.
Көктемгі егіс жұмыстарына 85 850 гектар жер дайындау жоспарланған. 54 511 гектар жері әзірленіп, 63,5 % орындалды. 22 825 гектарға арпа дақылы (жоспар 25 819 га), 2 893 гектарға көп жылдық шөптер (жоспар 5 600 га), 3 498 гектарға көкөніс дақылдары (жоспар 16 662 га ), 4 090 гектарға майлы дақылдар (жоспар 8 950 га), 35 гектар қант қызылшасы (жоспар 900 га), 2265 гектарға бақша дақылдары (жоспар 10 000 га), 124 гектарға картоп (жоспар 1500 га), 4 995 гектарға бір жылдық шөп (жоспар 15 500 га) егілген. Ал диқандардың жаздық дақылдарына қажетті 8,1 мың тонна тұқым толығымен дайын. Оның 5,% элита және 7,7 мың тоннасы 3 репродукциядан төмен емес (95%).
Айтпақшы, қазір ауданның ауылшаруашылығы алқаптарындағы көктемгі дала жұмысын 963 техника атқарып жүр екен. Яғни, диқандарды қажетті трактор мен қосалқы техникамен қамту деңгейі 100 пайызға жеткен.
«Биылғы жылы егіс қарқыны жаман емес. Алдағы күндері ауа райы қолайлық танытса қоңыр күзде мол өнім алуға болады. Ол үшін даладағы астықты күтіп баптау шараларын осы бастан тиісті деңгейде жүргізу қажет», деді аудан басшысы.

Медет Атайбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.