Тұрғындар өтініштері назарда: Мәжіліс депутаттары қоғамдық қабылдау өткізді
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Қабылдауда Байзақ ауданының тұрғыны Аксана Макаева жолдасын тұрақты жұмысқа орналастыру жөнінде өтініш білдірді. Депутаттар мәселені назарға алып, жақын арада оң шешілетінін айтты.
Меркі ауданынан келген Қайрат Илипов ветеринария саласындағы түйткілдерді шешу мен тарихи орындарды тиімді пайдалану бойынша ұсыныс білдірді. Ал Амантай Досмаханбетұлы жол ережелерінің жиі бұзылуын айтып, заңнамаға өзгеріс енгізуді сұрады.
Сәкен Сыздықов есімді азамат жеке кәсібіне қолдау сұрап, депутаттар тарапынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Тараз» ӘКК арқылы қолдау жолдары ұсынылды.
Қабылдау барысында азаматтар адам құқықтары мен денсаулық жағдайына байланысты мүгедектікке шығу мәселелерін де көтерді. Барлық өтініштер депутаттардың жіті бақылауына алынды.