Мүфтият әлеуметтік желідегі оқырман санын «қолдан көбейту – күнә» деген пәтуа шығарды
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желідегі парақшаларға жазылушылар санын көбейтуге қатысты пәтуа шығарды.
Мүфтияттың түсіндіруінше, парақшадағы оқырман санын нақты адамдардың көмегімен, яғни шариғатқа қайшы келмейтін тәсілдер арқылы арттыруға және мұндай қызметке ақы төлеуге болады. Ал жалған, бот аккаунттар арқылы фолловер көбейтуге және оған ақша төлеуге тыйым салынады.
Пәтуада қазіргі кезде жеке адамдар мен түрлі компаниялар өз парақшаларын алға жылжыту үшін тіркелушілер, лайк пен пікір санын көбейтетін қызметтерге жүгінетіні айтылған. Бұл үшін арнайы қызмет көрсетушілермен келісім жасалып, белгілі бір ақы төленеді. Егер бұл қызмет нақты, шынайы аккаунттар арқылы көрсетілсе, шариғат тұрғысынан оған рұқсат етіледі.
Ал фолловер санын боттар мен жалған аккаунттар арқылы көбейту – шын адамдардың белсенділігіне жатпайтын, қолдан жасалған алдау әрекеті болып есептеледі және ислам қағидаларына қайшы деп көрсетілген.
Сонымен қатар, егер тапсырыс беруші бұл әрекеттің жалған екенін біле тұра соған әдейі тапсырыс берсе, оның күнәсі одан сайын ауырлайтыны айтылған. Себебі ол өз парақшасын өзгелерге шын мәнінде жоқ бедел мен көрсеткіштер арқылы таныстырмақ болады. Мұндай әрекет «алдамшы, өтірік көрсеткіш жасаушы» ретінде бағаланып, шариғатта қатаң тыйым салынған.