Жапониядағы әйгілі балалар хирургы қазақ болып шықты
Белгілі бизнесмен Айдын Рахымбаев жапондық танымал балалар хирургы, профессор Такахаши Юничироның қазақ екенін айтып, ерекше оқиғамен бөлісті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпара порталы Instagram желісіндегі Аstana_live24 парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Айдын Рахымбаевтың айтуынша, ол Найман руынан, ал ата-бабасы Шығыс Қазақстан өңірін мекендеген.
«1933 жылғы ашаршылық кезінде оның отбасы Қазақстаннан Қытайға көшіп кетуге мәжбүр болған. Профессор сол жақта дүниеге келіп, білім алып, кейін Жапонияға қоныс аударған», – деді ол.
Бизнесменнің сөзінше, профессор Такахаши бүгінде PhD дәрежесінің иегері, Токиодағы Шова университетінде дәріс оқиды және Мидың қызметін талдау және цифрлық медицина институтында жұмыс істейді. Оның шын есімі – Абай. Жапония азаматтығын алу барысында аты-жөнін ресми түрде өзгерткен.
Айдын Рахымбаев профессордың жұбайы да қазақ екенін, Алтай өңірінен шыққанын атап өтті. Ерлі-зайыптылар Бейжіңде танысып, қазір екі бала тәрбиелеп отыр.
Бұл оқиға «Жұлдызай» қайырымдылық қоры жапон дәрігерлерімен байланыс орнатқан кезде күтпеген жалғасын тапқан.
«Ағылшын тілінде басталған әңгіме кенеттен қазақша жалғасты. “Қазақстан? Қазақша сөйлей бермейсіз бе?” деген сөз бәрімізді таңғалдырды», – деді Рахымбаев.
Оның айтуынша, профессор Такахашимен бірге Қазақстанға әлемдегі ең үздік балалар хирургтарының бірі Атсуюки Яматака да келген. Биыл олардың қолдауымен елге 26 шетелдік дәрігер шақырылып, 300-ден астам күрделі операция балаларға тегін жасалған.
Айдын Рахымбаевтың сөзінше, Абай Такахаши бір ай бұрын Қазақстанға арнайы келіп, операцияларды ұйымдастыруға тікелей көмектескен және алдағы уақытта да елімізге жиі келіп, балаларға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
«Бұл – тағдырдың таңғаларлық сыйы. Ата-бабасы елден кетуге мәжбүр болғанымен, өзі туған жеріне қайта оралып, балалардың өмірін сақтап жүр. Бұл – қазақтың болмысы», – деді бизнесмен.
Фото: Аstana_live24 парақшасынан