Соңғы екі жылда су саласындағы негізгі капиталға 579 млрд теңге инвестиция тартылды
Соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады. Бұл туралы су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет жұмысының жылдық қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Спикер атап өткендей, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Қол қойылған меморандумдардың ішінде қытайлық серіктестермен Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салу бойынша $20 млн ынтымақтастық ниетін, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегіші құрылысына қаржы бөлу туралы меморандумды ерекше атап өтуге болады. Аталған нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді, бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды», — деп толықтырды сөзін Нұржан Нұржігітов.