Ауылына қарап, азаматын таны
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы бүгінде жергілікті деңгейде нақты істермен көрініс табуда. Бұл бағытта Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің қолға алған жүйелі жұмысы – соның жарқын дәлелі.
Аудан басшысы бекітілген кестеге сәйкес апта сайын тұрғындарды жеке қабылдауды дәстүрге айналдырған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері сол қабылдауларға жүзден астам тұрғын өз өтініштері мен ұсыныстарын айтып, көкейде жүрген мәселелерін жеткізген. Нәтижесінде 80-ге жуық нақты тапсырма тиісті сала басшыларына жүктелсе, бүгінге дейін соның 40-тан астамы оң шешімін тапқан.
Жалпы қабылдауға келген азаматтардың көтерген ең өзекті мәселелерінің бірі – жолдың жайсыздығы. Әсіресе Шөңгер мен «Арай» тұрғын үй алқаптарындағы тұрғындар жолдардың жай-күйіне алаңдаушылық білдіріп, шағалтас төсеп беруді сұраған. Бұл өтініш аяқсыз қалмай, аудан әкімінің бастамасымен демеушілерді тарту арқылы шешімін тауып отыр. Атап айтқанда, аудан басшысына «Royal Petrol» компаниясы мен «ПМК-109» ЖШС қолдау білдіріп, жолдарға шағалтас төсеу жұмыстарын жүргізді.
– Ай басында аудан басшысының жеке қабылдауларына тұрғындар келіп, жолға қатысты өтініштерін жеткізген еді. Міне, араға аз ғана уақыт салып, бұл жұмыс басталып та кетті. Дәл қазір «Арай» алқабындағы және уақытша мал ұстайтын алаңға апаратын жолға да шағалтастар төселіп жатыр, – деді Құлан ауылдық округінің әкімі Еркін Сейтжапаров.
Мұндай нақты істер тұрғындар сенімін арттырып, билік пен халық арасындағы байланысты нығайта түсетіні анық. Мәселен, аталмыш проблеманы қоғамдық қабылдауда көтерген ауыл тұрғындарының бірі – Өжет Чахарова өтінішінің аяқсыз қалмай, жүзеге асқанына дән риза.
– Былтыр «Арай» алқабындағы көппәтерлі төрт үйден кезек арқылы үйлі болғанбыз. Шыны керек, жаңа шағын аудан болғандықтан шешілмеген түрлі мәселелері бар. Соның бірі – жол. Қоғамдық қабылдауға барып, мәселені көтерген едік. Қазір, міне, тілегіміз шындыққа айналып, жолымыз жөнделіп жатыр. Үнімізге құлақ түрген аудан басшысына рахмет, – дейді ауыл тұрғыны.
Аудан басшылығының бастамалары мен халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға деген ұмтылысы – елімізде жарияланған «тыңдай білетін мемлекет» қағидасының өміршеңдігін айғақтайды. Расымен де, бюджет қаражатына қысым салмай, кәсіпкерлермен тиімді диалог орната алу – қыруар қаражатты қажет ететін жұмысты оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Осы тұста аудан басшысы Ернар Серікәліұлының іскерлігін де атап өткеніміз жөн.
Шағалтастар жоғарыда атап өткен алқаптардан бөлек, Құлан ауылына қарасты Шөңгер елді мекенінің бірнеше көшесіне де төселді. Жалпы алғанда, шағалтас төсеу жұмыстары 6 көшені қамтыған. Ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Осы орайда, жергілікті билікпен бірлесіп, аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысқан кәсіпкерлерге де ерекше алғыс айтамыз.