Өндірісі өркендеген өңір
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлы Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің өндірістік әлеуетімен және туризм бағытындағы перспективаларымен танысты. Аудан орталығында оны аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубеков және жауапты бөлім басшылары қарсы алып, өндірістік аймақтағы ірі нысандарды аралатты.
Алғашқы нысан – Приозерск қаласының маңында, Мойынқұм ауданына тиесілі аумақта орналасқан Балқаш шипажайы. Бұл өңір табиғатымен ғана емес, туризмді дамытуға зор мүмкіндігімен ерекшеленеді. Облыс әкімінің орынбасары жағалау жағдайын өз көзімен көріп, туризм үшін инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді бағамдады. Балқаш көлінің әсем табиғаты мен жағажай аймағы алдағы уақытта демалыс пен сауықтыру туризмін дамытудың негізіне айналуы мүмкін.
Аудан экономикасында өнеркәсіп саласының орны айрықша. Мыңарал елді мекенінде орналасқан «Shagala Mining» ЖШС – Ресей Федерациясының инвесторы қатысатын жоба. Мұнда катодты мыс өндіру көзделген. Жобаның құны – 29,5 млрд теңге, жылдық қуаттылығы – 9 мың тонна катодты мыс. Жоба жүзеге асса, 439 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі таңда 563 гектар жер телімі 10 жыл мерзімге жалға берілген. Қазіргі уақытта 2,7 миллаирд теңге көлеміндегі құрал-жабдықтарды Финляндиядан жеткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Мойынқұм ауданының аумағында Балқаш көлінде үлкен үш арал орналасқан – Бас арал, Орта арал және Аяқ арал. Туризмді дамыту мақсатында KSF Servis ЖШС-не Аяқ аралдан 270 гектар жер телімі берілген. Бас аралдың аумағы – шамамен 1000 гектар, Орта арал – 500 гектар, ал Аяқ арал – 270 гектар. Бұл аумақтар табиғи сұлулығымен және экологиялық тазалығымен ерекшеленеді, алдағы уақытта туристік нысандарды салуға және экотуризмді дамытуға негіз бола алады.
Ауданның өнеркәсіп картасында ерекше орын алатын кәсіпорындардың бірі – «Компания Мын-Арал» ЖШС. 2014 жылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған бұл зауыт балықты мұздату және өңдеумен айналысады. Жылдық қуаттылығы – 1,5 мың тонна. Мұнда 61 адам жұмыс істейді, олардың 88,5 пайызы – жергілікті тұрғындар. 2024 жылы кәсіпорын 126,7 тонна балық өндірген, бұл өткен жылдың көрсеткішінен едәуір аз. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені аумақта браконьерлік үдеген. Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 33 тонна өнім өңделді.
Өңірдегі тағы бір алпауыт – «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС. 2010 жылы іске қосылған бұл кәсіпорынның жобалық құны – 34,9 миллиард теңге. Зауыт жылына 1,5 млн тонна цемент өндіреді. Мұнда 230 адам жұмыс істейді, оның ішінде 63-і – мойынқұмдықтар. 2024 жылы 1 505,2 мың тонна цемент өндірілсе, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,8 мың тоннаға артық. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында 727,7 мың тонна цемент шығарылған.
Сонымен қатар, Хантау ауылында орналасқан «ACIG» АҚ-ның цемент зауыты да ауданның өнеркәсіп әлеуетін айқындайды. 2014 жылы іске қосылған зауыт М400 және М500 маркалы цемент өндірумен айналысқан. Алайда, 2018 жылдан бері қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатып, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ-ның балансына өтті. Дегенмен, зауытты қайта іске қосу жоспары дайындалып, оны қайта өндіріс алаңына айналдыру бағытында шаралар қолға алынуда.
Мойынқұм ауданының экономикасы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының үйлесімді дамуына негізделген. Алдағы жылдары туризмнің дамуы, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және қолданыстағы зауыттардың толық қуатпен жұмыс істеуі өңірдің әлеуметтік-экономикалық деңгейін арттыра түспек. Балқаш көлінің жағалауы мен аралдары, Хантау тауы, бархан құмдары сияқты табиғи байлықтар ауданға экотуризмді дамытуда бірегей мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Тамабек Әбілхайыр Ғалымұлының бұл сапары ауданның өндірістік әлеуетін, туризм мүмкіндіктерін және стратегиялық жобаларын саралауға мүмкіндік берді. Мойынқұм – табиғат пен өндірісті қатар дамытатын, болашағы зор өңір екені тағы да айқындалды.